Маңғыстауда саяси оқыту бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды
Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған үш кезеңдік білім беру бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Үш күнге созылған семинарға әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, партия қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымының өкілдері, жалпы 135 адам қатысты. Қатысушылар мемлекеттік басқару мен саяси процестердің заманауи тәсілдерін меңгеріп, өңірлік дамуға қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.
Оқу барысында көшбасшылық қабілетті дамыту, тиімді коммуникация орнату, салық-бюджет саясатын түсіну, сондай-ақ сайлау науқандарын ұйымдастыру тетіктері қамтылды. Теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштасып, қатысушылар нақты дағдысын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Бағдарлама соңында тыңдаушылар тестілеуден өтіп, білім деңгейін сарапқа салды. Ал келесі кезеңде қатысушылар өңірге бағытталған жобаларын ұсынып, оларды іске асыру жолдарын пысықтайды.
Оқудың барлық кезеңінен табысты өткендерге арнайы сертификат беріледі. Бұл бастама өңірдегі саяси кадрлардың сапасын арттырып, тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр.