Otpan News Logo

Ақтауда қазақ күресінен «Әкелер барысы» турнирі өтті

|
24.05.2026 10:23
Ақтауда қазақ күресінен «Әкелер барысы» турнирі өтті

Ақтауда қазақ күресінен белгілі ұстаз, спорт жанашыры Досан Ешмановты еске алуға арналған «Әкелер барысы» атты әкелер арасында ашық турнир өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Турнирді облыстық «Байтақ» жасылдар партиясының филиалы мен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалы мен Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және мәдениет бөлімінің қолдауымен өткізді.

 

Дәстүрлі спорттық жарысқа Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан, сондай-ақ Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарынан барлығы 26 палуан қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады.

Турнирдің басты мақсаты - әке мәртебесін дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық спортты дамытуға бағытталған.

 

Сайыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық спорт дирекциясының басшысы Манарбек Бисекенов, облыстық самбо федерациясының президенті Серік Байжанов, облыстық «Байтақ» жасылдар партиясы мен Әкелер одағы филиалының төрағасы Аллаберген Қонарбаев, сондай-ақ Досан Ешмановтың туған-туыстары қатысты.

 

Шара барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев мұндай тағылымды турнирлердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

 

«Досан Ешманов - елге белгілі, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, спорт пен тәртіпті қатар ұстанған азамат. Бүгінгі турнир - отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жастарға өнеге болатын маңызы зор іс-шара. Осындай тағылымды бастамалар ұлттық құндылықтарды нығайтып қана қоймай, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді», - деді Аббат Өрісбаев.

 

Турнир қорытындысы бойынша 74 келі салмақ дәрежесінде Бауыржан Сағынғали жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Әбубәкір Жәнібек еншілесе, Айбар Сайфенов үшінші орынға тұрақтады. Ал +90 келі салмақ дәрежесінде Асылбек Демесінов үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Ғалымжан Шолтаевқа бұйырса, Бауыржан Жантуреев үшінші орын иегері атанды.

 

Жүлдегерлерге арнайы қаржылай сыйақылар табысталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегерлеріне 250 мың теңге, екінші орын алған спортшыларға 150 мың теңге, ал үшінші орын иелеріне 100 мың теңге көлемінде жүлде берілді.

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!