Otpan News Logo

Ақтауда «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды

|
23.05.2026 18:33
Ақтауда «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды

Ақтауда 2011-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған дзюдодан XVIII республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Дәстүрлі жарысқа Қазақстанның 10 облысы мен 2 қаласынан 500-ге жуық спортшы мен төреші қатысуда. Атап айтқанда, Астана және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Абай облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Жамбыл облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы және Маңғыстау облысының жас дзюдошылары жүлде үшін бақ сынайды.


Турнирдің ашылу салтанатында Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Мангубаев құттықтау сөз сөйлеп, жарыстың жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.


«Бүгінгі республикалық турнир жас спортшыларға шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Дзюдо - күшті, ептілікті, тәртіп пен табандылықты талап ететін спорт түрі. Осындай жарыстарда болашақ чемпиондар қалыптасады. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін. Қазақстанның атын халықаралық аренада шығаратын спортшылардың қатары көбейе берсін», - деді Қанат Мангубаев.


Сонымен қатар жарыстың маңыздылығы туралы Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов пен Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті Серік Байжанов де пікір білдіріп, жас спортшыларға жеңіс тіледі.


Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Ғайса Қалмұхановның айтуынша, турнир жеңімпаздары Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат атағына үміткер бола алады.


«Бұл жарыстың ерекшелігі - демеушілердің қолдауымен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына бағалы және ақшалай сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар турнирдің бас жүлдесі ретінде арнайы лотерея арқылы велосипедтер ойнатылады. І, ІІ және ІІІ орын алған спортшылар спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындап, арнайы медальдармен марапатталады», - деді Ғайса Қалмұханов.


Айта кетейік, республикалық турнир 23-24 мамыр күндері Маңғыстау арена спорт кешенінде жалғасады.

70
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!