Ақтауда жастарға Әскери-теңіз күштерінің қызметі таныстырылды
Ақтауда Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінде Есенов атындағы көпсалалы колледж студенттеріне арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға түрлі мамандық бойынша білім алып жүрген жоғары курс студенттерінен құралған 50 жас қатысты.
Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесудің негізгі мақсаты - жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, әскери қызметке қызығушылықты арттыру және студенттерді Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің қызметімен таныстыруға бағытталып отыр.
Шара барысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков сөз сөйлеп, студенттерге Әскери-теңіз күштерінің құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар ол әскери теңізшілердің бүгінгі таңда мемлекеттің теңіз шекарасын қорғауда атқарып отырған міндеттеріне тоқталды.
Қонақтар үшін әскери бөлім аумағына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер бөлім музейін аралап, әскери жәдігерлермен, архивтік материалдармен және Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің даму кезеңдерін көрсететін тарихи құжаттармен танысты. Сондай-ақ жастарға әскери бөлімнің кітапханасы мен асханасы көрсетілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің ардагері, отставкадағы бірінші дәрежелі капитан Марат Төлебаев студенттермен кездесіп, әскери қызметтегі естеліктерімен бөлісті. Ол әскери теңізші мамандығының ерекшеліктері, теңіз дәстүрлері және теңіздегі жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде болған қызықты оқиғалар туралы айтып берді.