Маңғыстауда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау мәселесі талқыланды
Маңғыстауда Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, аталған жиынға Маңғыстау облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов және Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Отырыс күн тәртібінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру мәселелері қаралды. Аталған бағыттар бойынша Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов және өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибізада Дүйсенбаева баяндама оқыды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, басты мақсат - мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету.
Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету, әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу. Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралады. Бұл істер уәкілетті мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар негізінде немесе әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде қозғалады. Егер мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұзғаны немесе мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бергені анықталса, тиісті тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіледі, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Отырыс қорытындысында мемлекеттік қызмет саласында заңдылық пен Әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.