Ақтаулық оқушы Каспийді қорғауға мультфильм арқылы үн қосты
OTPANNEWS.KZ. – Ақтау қаласының 10 жастағы тұрғыны Карина Шарипова Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеп, осы тақырыпта мультфильм дайындады. Жас зерттеуші туған өлкесінің табиғатына алаңдап, теңіздің қазіргі жағдайына қоғам назарын аударуды мақсат еткен. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
Каринаның «Каспий теңізінің экологиялық мәселелері» тақырыбындағы зерттеу жұмысына табиғат пен жануарларға деген сүйіспеншілігі арқау болған. Ол теңіз жағасында серуендеген кезде су деңгейінің төмендеп, жағалау сызығының өзгеріп жатқанын байқаған. Сонымен қатар аққулар мен Каспий итбалықтарының қырылуы туралы ақпараттар да оның осы тақырыпқа қызығушылығын арттырған.
Зерттеу барысында оқушы теңіздің тартылу себептерін, экологиялық қауіптерді және олардың жануарлар дүниесіне әсерін зерделеген. Ал өз тұжырымдарын мультфильм арқылы көрерменге түсінікті тілде жеткізіп, Каспийді қорғаудың маңызын көрсетуді көздеген.
– Қызым бала кезінен табиғат пен жануарларға ерекше қызығушылық танытады. Каспий теңізінің жағдайына алаңдап, осы тақырыпты зерттеуге өзі ниет білдірді. Біз оның бастамасын қолдап, ізденісіне көмектестік, – деді анасы Алина Шарипова.
Жас зерттеушінің басты мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық мәселелеріне қоғам назарын аударып, туған өлкесінің табиғатын қорғауға үлес қосу. Ол болашақ ұрпақтың да Каспийдің әсем табиғатын тамашалап, байлығын көре алғанын қалайды.