Үздік түлектерге – мемлекеттік қызметке жаңа мүмкіндік!
Мемлекеттік қызметтің болашағы – білімді, білікті әрі бастамашыл жастардың қолында. Жастардың әлеуетін мемлекеттік басқару жүйесіне тарту мақсатында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңмен үздік түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасудың жаңа мүмкіндігі қарастырылды.
Атап айтқанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектерге оқуын бітірген күннен бастап бір жыл ішінде ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі мен мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымдарына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық және облыстық маңызы бар қалалық (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органдардың басшы емес лауазымдарына, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының басшы емес лауазымдарына, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аудандардағы және облыстық маңызы бар қалалардағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшелерінің басшы емес әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс өткізілмей орналасу мүмкіндігі берілді. Бұл ретте еңбек өтілі талап етілмейді.
Аталған тетік – жоғары оқу орнында жақсы нәтиже көрсеткен жастардың алған білімін мемлекеттік қызметте іске асыруына жол ашатын маңызды бастама.
Осы мүмкіндікті тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірдегі мемлекеттік органдармен бірлесіп, үздік түлектерді мемлекеттік қызметке тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша өңірде 33 түлекке мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға келісім берілді. Олардың GPA көрсеткіштері 3,34 пен 3,85 аралығында, ал ең жоғары нәтиже – 3,85.
Жас мамандар құқықтану, экономика, ветеринария, экология, биотехнология, мемлекеттік және жергілікті басқару, құрылыс инженериясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және басқа да бағыттар бойынша білім алған.
Түлектер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті секілді жоғары оқу орындарының түлектері.
Жаңа мүмкіндіктің тағы бір ерекшелігі – оның ауылдық жерлердегі мемлекеттік органдарға да білікті жастарды тартуға жол ашуы.
Мәселен, Ақтөбе, Оңды, Теңге, Өмірзақ, Құрық, Шетпе, Тұрыш, Жетібай, Ақшұқыр және Кендірлі ауылдары мен елді мекендеріндегі әкім аппараттарына жас мамандарды орналастыруға келісім берілген. Сонымен қатар Сайын Шапағатов ауылдық округі әкімі аппаратына да жас түлектің орналасуы көзделген.
Бұл бастама ауылдық жерлердегі мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін нығайтып, жастардың туған өңірінде еңбек етуіне және өз білімін ел игілігіне жұмсауына мүмкіндік береді.
Әрине, конкурссыз тағайындау мемлекеттік қызметке қойылатын өзге де талаптардан босатпайды. Үміткерлер заңнамада белгіленген шектеулерге сәйкес келіп, тиісті лауазымның біліктілік талаптарын орындауы қажет.
Сонымен қатар, үздік түлектерді мемлекеттік қызметке тарту олардың лауазымға орналасуымен ғана шектелмеуі тиіс. Осыған байланысты Департамент мемлекеттік органдармен тұрақты кері байланыс орнатып, жас мамандардың жаңа қызметке бейімделуіне қатысты мәселелерді зерделеу және оларға әдістемелік әрі практикалық қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырып келеді.
Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына да ерекше мән берілуі қажет. Осы ретте олардың мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеруі, қызметтік міндеттерін тиімді орындауы және теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруы үшін тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерді тәлімгер бекіту маңызға ие.
Осылайша, үздік түлектерді мемлекеттік қызметке тарту – кадрлық құрамды жас мамандармен толықтыру ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа білім мен заманауи көзқарас әкелудің, сондай-ақ өңірдің адами капиталын дамытудың маңызды тетігі.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған мүмкіндіктің тиімді іске асырылуына, жас мамандардың мемлекеттік қызметке бейімделуіне және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Бүгінгі үздік түлек – ертеңгі білікті мемлекеттік қызметші! Жастарға жасалған мүмкіндік – өңірдің де, елдің де болашағына салынған инвестиция.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Тоқтамыс Жұмағұлов