Маңғыстаулық прокурор «Үздік мемлекеттік айыптаушы» атанды
OTPANNEWS.KZ. - Бас прокуратурада «Үздік мемлекеттік айыптаушы» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау нәтижесінде Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Жалғас Қосымбай үздік деп танылды.
Кәсіби байқауға аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі 518 прокурор қатысып, олардың 22-сі финалдық кезеңге жолдама алды.
Финалистер Құқық қорғау органдары академиясының алаңында өздерінің соттағы сөз сөйлеу шеберлігін көрсетіп, қылмыстық және қылмыстық-процестік құқық бойынша тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар стандарттан тыс жағдайларды қамтитын кейстік тапсырмалар бойынша білімдері мен кәсіби даярлығы сыналды.
Байқау қорытындысы бойынша басшы құрам арасынан Аягөз гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Алмас Темірханов, ал қатардағы құрамнан Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Жалғас Қосымбай жеңімпаз атанды.