Жаңаөзенде қуаты 120 МВт газ электр станциясы іске қосылды
OTPANNEWS.KZ – Жаңаөзен қаласында қуаты 120 МВт газ электр станциясы пайдалануға берілді. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы италиялық Eni S.p.A. компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.
Нысанның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов, энергетика саласының өкілдері мен ардагерлері қатысты.
Газ электр станциясы – Жаңаөзенде салынып жатқан қуаты 247 МВт гибридті энергетикалық кешеннің бір бөлігі. Жоба күн, жел және газ энергиясын бір жүйеге біріктіреді. Оның құрамына қуаты 50 МВт күн электр станциясы, 120 МВт газ электр станциясы және 77 МВт жел электр станциясы кіреді.
Газ электр станциясы 2026 жылдың шілдесінде алғашқы электр энергиясын өндіре бастаған. Содан бері 26 млн кВт·сағаттан астам электр энергиясы өндірілген. Құрылыс кезінде 1000-нан астам адам еңбек еткен.
Кешеннің алғашқы нысаны – қуаты 50 МВт күн электр станциясы 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылды. Бүгінде ол 93 млн кВт·сағатқа жуық электр энергиясын өндірген.
– Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай елде энергия профицитін қамтамасыз ету міндетін орындауға бұл жоба да үлес қосады. Жел, газ және күн энергиясын біріктіретін кешен өңірге инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан «ҚазМұнайГаз» және Eni компанияларының басшылығына алғыс білдіремін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ал қуаты 77 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, жел қондырғыларын орнату жоспарланған. Нысан 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Үш станция толық іске қосылғанда кешенде 77 тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның 15-і күн электр станциясында, 47-сі газ электр станциясында, тағы 15-і жел электр станциясында болады.
Жаңа энергетикалық кешен «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС сияқты «ҚазМұнайГаз» компаниясының өңірдегі өндірістік кәсіпорындарын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, кешен толық қуатына шыққанда өндірілетін электр энергиясының шамамен 35 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болады. Бұл өндірістік нысандарды энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, көміртегі ізін азайтуға мүмкіндік береді.