Маңғыстау боксшылары ел біріншілігінде екі қола жүлде иеленді
OTPANNEWS.KZ. - Астанада жастар арасында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Республика біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен жас спортшылар қатысты.
Маңғыстау облысынан аталған чемпионатта аймақ намысын 9 боксшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша облыс құрамасы екі қола медаль иеленді. 75 келіге дейінгі салмақта Дарын Тасмұханбетов, ал 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бекзат Сыдық үздіктер қатарына қосылды.
Маңғыстау облысы жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Жаңабергеновтің айтуынша, чемпионат жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берген.
“Боксшыларымыз жарыста бар күшін салып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Алдағы уақытта жекпе-жектерге талдау жасап, дайындықты жалғастырамыз. Спортшыларымыздың әлі талай белесті бағындыратынына сенімдімін”, - деді Ермек Жанабергенов.
Сонымен қатар чемпионатта өңір атынан төрешілер де қызмет атқарды. Атап айтқанда, ҚР төрешілер алқасының мүшесі, IBA Gold Three Star халықаралық санаттағы төреші Руслан Бибуев пен IBA халықаралық санаттағы төреші Асқар Ермаков жарысқа төрелік етті.
Сондай-ақ Руслан Бибуев «ҚР боксын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты ҚР бокс федерациясының бас хатшысы Адхам Самат табыстады.
Бұған дейін Тараз қаласында ересектер арасында өткен ел чемпионатында Маңғыстау боксшыларына жалғыз қола медальмен оралған болатын. Аталған жүлдеге 50 келіде өнер көрсеткен Дамир Әбдіқадыр қол жеткізген еді.