Ер азаматтардың денсаулығы: бедеуліктің алдын алу үшін нені білу керек?
Маңғыстау облысында жасөспірімдер мен студенттерге ер азаматтардың репродуктивті денсаулығы, бедеуліктің алдын алу және урологиялық аурулар туралы түсіндіруге бағытталған тренинг өтті. Іс-шарада дәрігер-уролог, андролог Құрманғазы Қайратұлы спикер ретінде қатысып, қатысушыларға маңызды ақпараттарды бөлісті.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда ер азаматтар арасында бедеулік мәселесі өзекті болып отыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, салауатты өмір салтын ұстанбау, темекі мен вейп қолдану, алкоголь тұтыну, сондай-ақ урологиялық және андрологиялық аурулар бар. Атап айтқанда, варикоцеле, крипторхизм және гипогонадизм секілді дерттер ер адамның репродуктивті денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
– Бедеуліктің себептері өте көп. Сондықтан қандай да бір мәселе туындаған жағдайда өздігінен емделмей, міндетті түрде дәрігерге қаралып, қажетті тексерулерден өту керек. Ең алдымен, салауатты өмір салтын сақтау маңызды. Егер ер азамат отбасын құруды немесе балалы болуды жоспарласа, алдын ала андролог маманның қабылдауына барып, спермограмма тапсырып, гормондық көрсеткіштерін тексерткені дұрыс, – дейді Құрманғазы Қайратұлы.
Дәрігер болашақ әкелерге отбасын құруға кемінде үш ай қалғанда медициналық тексеруден өтуді ұсынады. Оның ішінде гормондарға талдау тапсыру, аталық бездерге ультрадыбыстық зерттеу жүргізу және спермограмма тапсыру маңызды. Бұл денсаулықтағы ықтимал мәселелерді ерте анықтап, қажет болған жағдайда алдын ала ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар маман жасөспірімдердің жыныстық жетілу кезеңіне де ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Әсіресе, 9-14 жас аралығындағы ұл балалардың ата-аналары баланың физиологиялық дамуын бақылап, қажет болған жағдайда андролог дәрігерден кеңес алғаны жөн.
Балаларды сүндетке отырғызу мәселесі де сөз болды. Дәрігердің айтуынша, бұл процедураны барлық балаға бірдей жасауға болмайды. Алдымен маманның тексеруі қажет. Мәселен, жасырын жыныс мүшесі диагнозы қойылған балаларды бірден сүндеттеуге болмайды. Мұндай жағдайда алдымен қажетті хирургиялық ем жүргізілуге тиіс.
– Сүндеттеу алдында міндетті түрде дәрігердің қарауынан өту керек. Өйткені кейбір анатомиялық ерекшеліктер кезінде бірден сүндеттеуге болмайды. Өз тәжірибемде балаларды 3-5 жас аралығында сүндеттеген дұрыс деп есептеймін. Дегенмен әр баланың жағдайы жеке қарастырылуы қажет, – дейді маман.
Дәрігердің сөзінше, ер азаматтардың репродуктивті денсаулығына ерте жастан көңіл бөлу, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту және зиянды әдеттерден бас тарту – болашақта бедеулік қаупін азайтудың маңызды жолдарының бірі. Бұл тек жеке адамның денсаулығы үшін емес, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін де маңызды.