Маңғыстауда үш күнде 21 шетелдік елден шығарылды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында 20-22 қараша аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 1 347 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейд барысында профилактикалық есепте тұрған 1 513 адам тексерілген.
Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүруіне қатысты. Бұл бойынша 289 дерек тіркелген. Сондай-ақ тіркеусіз немесе құжатсыз жүргендерге қатысты 153, жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерге қатысты 114 хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішудің 73, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 42, есірткіні заңсыз тұтынудың 37 дерегі анықталған. Ұсақ бұзақылықтың 26 фактісі тіркелсе, 14 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған.
Көші-қон заңнамасын бұзудың 93 дерегі тіркеліп, 21 шетел азаматы Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылған.
Полицияның мәліметінше, жедел-профилактикалық іс-шара қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген.