Otpan News Logo

Yessenov University технопаркінде робототехника және бағдарламалау орталығы ашылды

|
24.11.2026 16:11
Yessenov University технопаркінде робототехника және бағдарламалау орталығы ашылды

OTPANNEWS.KZ. – Yessenov University технопаркінде робототехника және бағдарламалау орталығы ашылды. Жоба Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) және Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Салтанатты рәсімге Yessenov University президенті Ермек Нұрмағанбет, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Билал Емре Бирал, TİKA-ның Қазақстандағы өкілі Фуат Эрдогмуш, Ақтаудағы өзге елдердің бас консулдықтарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер, сондай-ақ өңірдің құрметті азаматтары қатысты.


Жаңа орталық студенттердің робототехника және бағдарламалау бағытындағы білімін жетілдіруге, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұнда жастар заманауи технологияларды меңгеріп, инженерлік ойлау қабілетін дамытып, өз жобаларын жүзеге асыра алады.


Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Билал Емре Бирал орталықтың ашылуы екі ел арасындағы білім және технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.


– Бүгінде цифрландыру, жасанды интеллект және заманауи технологиялар әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында Yessenov University технопаркінде робототехника және бағдарламалау аудиториясын ашуға қолдау көрсетуді жөн көрдік. Бұған дейін, 2024 жылы, университетте TİKA қолдауымен түрік тілі кабинеті ашылған болатын. Қазір Юнус Эмре институтының екі оқытушысы 300-ге жуық студентке түрік тілін үйретіп келеді. Бұл – екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі, – деді Билал Емре Бирал.


Ал TİKA-ның Қазақстандағы өкілі Фуат Эрдогмуш орталықтың өңір жастары үшін маңызды білім беру алаңына айналатынына сенім білдірді.


– Бұл орталық Маңғыстау өңірінде робототехника және бағдарламалау саласының дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз. Мұнда болашақта білікті мамандар даярланып, жаңа технологиялық жобалар жүзеге асады деген үміттеміз. TİKA 1992 жылдан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, ғылым, журналистика, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларында түрлі жобаларды іске асырып келеді. Алдағы уақытта робототехника бағыты бойынша Түркиядан арнайы мамандар шақырып, студенттер мен осы салаға қызығушылық танытушыларға арналған оқыту курстарын, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.


Айта кетейік, жаңа орталық студенттердің технологиялық құзыретін арттырып қана қоймай, Маңғыстау өңіріндегі инновациялық жобалардың дамуына да мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған.

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!