Otpan News Logo

Маңғыстауда инсультті анықтауда жасанды интеллект қолданылады

|
26.11.2026 19:17
Маңғыстауда инсультті анықтауда жасанды интеллект қолданылады

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысындағы инсульт орталықтарында жасанды интеллект негізіндегі CerebraAI жүйесі енгізілген. Технология компьютерлік томография суреттерін талдап, дәрігерлерге бас миындағы зақымдану белгілерін жедел анықтауға көмектеседі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.


Бүгінде Қазақстан бойынша 700-ден астам медициналық ұйым жасанды интеллект негізіндегі оннан астам шешімді пайдаланады. Соның бірі – инсультті диагностикалауға арналған CerebraAI жүйесі. Қазіргі уақытта ол Астана қаласындағы, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында қолданылады.


2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап аталған жүйе инсультке күдік болған 23,5 мыңнан астам пациенттің компьютерлік томография нәтижесін талдаған. Инсульт кезінде әр минут маңызды болғандықтан, ауру белгілерін ерте анықтау емді уақытылы бастауға, ауыр асқынулар мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.


Жасанды интеллект медицина саласының өзге бағыттарында да қолданылып келеді. Атап айтқанда, сүт безі мен өкпе обырының белгілерін ерте анықтауда, стоматологиялық диагностикада және медициналық құжаттарды рәсімдеуде пайдаланылуда.


Мәселен, бүгінде Alima цифрлық көмекшісін елімізде 4 205 дәрігер қолданады. Пилоттық жоба нәтижесінде асқынбаған аурумен келген пациентті қабылдау кезінде медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақыт төрт есе қысқарған. Бұрын бұл жұмысқа 6 минут жұмсалса, қазір 1,5 минут жеткілікті.


Ведомствоның мәліметінше, мұндай технологиялар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, пациенттерді тексеру мен емдеуге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайды. Дегенмен жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Диагноз қою және ем тағайындау туралы соңғы шешімді медицина маманы қабылдайды.

80
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!