Маңғыстауда жел күшейіп, көктайғақ болуы мүмкін
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында түнде және таңертең ауа райы қолайсыз болады. Өңірдің батысы мен солтүстік-шығысында аздаған жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал. Бұл туралы синоптиктер ескертті.
Батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрді құрайды. Ал облыстың батысында, солтүстігі мен орталығында жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ауа температурасы түнде 2-7 градус жылы, солтүстік-шығыста 2 градус аяз болады. Күндіз 7-12 градус жылы, солтүстік-шығыста 4 градус жылы күтіледі.
Ақтау қаласында да көшпелі бұлтты ауа райы болжанады. Түнде аздаған жаңбыр жаууы мүмкін. Батыстан соғатын желдің жылдамдығы 9-14 м/с, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 5-7, күндіз 10-12 градус жылы болады.
Осыған байланысты Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Мамандар қатты жел кезінде ағаштар мен электр сымдарының маңында тұрмауға, ал көктайғақ кезінде жолда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде абай болуға кеңес береді.