Алаяққа ақша аударғандар қаражатын қайтара ала ма?
OTPANNEWS.KZ – Интернет алаяқтарының арбауына түсіп, ақшасын аударып қойған азаматтар қаражатын қайтарып ала алады. Алайда бұл үшін құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлап, оқиға туралы бірден мәлімдеу маңызды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мырзашевтің айтуынша, тұрғындар алаяққа алданып қалғанын білген соң кейде бірнеше күн, тіпті бір айға дейін полицияға жүгінбей жүреді. Ал осы уақытта ақша бірнеше есепшот арқылы аударылып, ізін жасыруы мүмкін.
Полицияда банктермен бірлесіп жұмыс істейтін «Антифрод» жүйесі бар. Оның көмегімен күмәнді ақша аударымдарына қатысты есепшоттарды жедел бұғаттап, ішіндегі қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік бар.
«Азаматтар алданып қалғанын білген бойда 102 нөміріне хабарласуы немесе басқармаға тікелей келуі керек. Уақытылы жүгінген жағдайда аударылған ақшаны бұғаттап, ұстап қалуға мүмкіндік бар», – деді Айболат Мырзашев.
Полиция өкілі қаражатты қайтару мүмкіндігі әр істің мән-жайына байланысты екенін ескертеді. Сондықтан алаяқтықты байқаған сәтте банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.