Маңғыстау энергетикалық колледжінің мұғалімдері ЖИ арқылы мультфильм жасады
Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің оқытушылары жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ерекше мультфильм жобасын әзірледі, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Мультфильмнің негізгі идеясы — бір ұжымда қызмет ететін адамдардың ауызбіршілігі, достығы және бір-біріне деген сыйластығы ең үлкен күш екенін көрсету.
Мультфильмді арнайы пән оқытушылары Жұлдызай Мектепова, Сәндігүл Балықбаева, Дана Амантайқызы, Асылхан Амангельдиева құрастырды. Олар бұл мультфильмде әрбір кейіпкер ұжымдағы нақты оқытушының бейнесін сомдай отырып, олардың кәсіби қасиеттерін, мінез ерекшеліктерін және ортақ мақсат жолындағы ынтымақ пен өзара қолдауды жеткізуге тырыстық дейді.
Бұл жұмыс — заманауи технологияларды тиімді қолданудың бастамашыл үлгісі. Жоба арқылы Президенттің «Цифрлық Қазақстан» және білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі бастамаларын қолдай отырып, жаңа технологияларды кәсіби қызметімізде шығармашылықпен байланыстыра отырып енгізіп жатқанымызды көрсетіп отырмыз, - дейді Жұлдызай Мектепова.
Колледж басшылығы мультфильм жобасы студенттерге де үлгі болатындай тәжірибе деп бағалады, сондай-ақ оқытушылар жасанды интеллект құралдарын курстық және оқу процесінде қолдану арқылы болашақ мамандарды жаңа цифрлық дәуір талаптарына сай даярлауды мақсат ететінін атап өтті.