Ақтауда жұмыс орнын ұсынатын мекемелерге тексеру жүргізіледі
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен қаладағы жұмыссыздық мәселелерін талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге Ақтау қаласы прокурорының орынбасары Берік Ходжаев, бірқатар жұмыс беруші компаниялардың өкілдері және жұмыс іздеп жүрген азаматтар қатысқан.
Жиында қала әкімдігінің бастамасымен еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған, жұмыспен қамту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның орындалу барысы қаралды. Қазіргі таңда аталмыш меморандумға 17 мекеме қол қойған. Алайда Ақтау қалалық «Мансап» орталығы арқылы тұрғындарды жұмысқа орналастыру көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
«Меморандумға қол қойған мекемелер бос жұмыс орындарын уақытылы жариялап отырса екен. Біз жоғары жалақы мен лауазымды қызмет сұрамаймыз, тек тұрақты жұмыс тауып, өз еңбегімізбен табыс табуға мүмкіндік берілсе жеткілікті», - деді қала тұрғыны.
Осыған орай, қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жұмыспен қамту ісін жүйелеу мақсатында қала әкімдігімен келісімге келген барлық мекемелердің жұмыс тиімділігіне талдау жүргізуді және жұмысқа орналастыру үдерісін жандандыруды тапсырды.
«Жыл соңына дейін әрбір жұмыс беруші мекеменің «Мансап» орталығы арқылы қанша азаматты жұмысқа қабылдағанын тексереміз. Кез келген мекемеде бос жұмыс орны болмай тұрмайды. Сол себепті жұмыс берушілер 5 күн ішінде бос орындар туралы ақпаратты орталыққа ұсынуы тиіс. Әрбір мекеме басшысы бұл талаптың орындалуына жеке жауапты», - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.