Маңғыстаулық ерекше балалар «Тең мүмкіндіктер» фестивалінен жүлделі оралды
Маңғыстау облысының ерекше оқушылары Астана қаласында өткен «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Фестиваль «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Дүбірлі додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан 800-ге жуық 3-8 сынып оқушылары қатысты. Маңғыстаудан республикалық кезеңге 14 команда, 39 оқушы жолдама алған. Қатысушылар бочча, көңілді мәре және жеңіл атлетикадан сынға түсті.
Үш күнге созылған спорттық фестивальде Жаңаөзен қаласы №18 мектептің 7-8 сынып оқушылары «Бочча» сайысынан бірінші орынды иеленсе, Ақтау қаласы №12 мектептің 3-4 сынып оқушылары өз сынындағы бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Ақшұқыр мектеп-лицейінің 7-8 сынып қыздары «Көңілді мәре» ойынынан екінші орынға қол жеткізді. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.
«Бұл – тек спорттық жеңіс емес, қоғамның ізгі бағыттағы дамуының көрінісі. «AMANAT» партиясы инклюзивті қоғам құруды басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдау бәріміздің міндет», – деді Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.