Қаржылық мониторинг агенттігі халықтың қаржылық және цифрлық қауіпсіздігін арттыру үшін жұмыс жүргізді
Былтыр Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң мен тәртіп» нарративі аясында 4 миллион азаматты қамти отырып, 4 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
ҚМА 2025 жылғы негізгі нәтижелерді атап өтті.
• Жылдың бірінші жартыжылдығында 3,5 мың студент қатысқан Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиада өткізілді. Олимпиада қарсаңында 2 мың мектепте және 1,5 мың ЖОО мен колледжде қаржылық қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылып, 800 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды.
• Өткен жылы маусым және қараша айларында «AFM online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» және «AFM Digital Lessons – АФМ-нің цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты республикалық форумдар өткізілді.
Сабақтар онлайн-сауалнамалар, квиз тапсырмалар, жасанды интеллект элементтері (офицер – AI ДОС) және заманауи графикалық эффектілер қолданылған интерактивті форматта өтті. Белгілі әртістер, блогерлер мен медиа тұлғалар тартылды. Нәтижесінде 90 ЖОО мен 263 колледжден 164 мың студент, сондай-ақ 16 мыңға жуық бюджеттік ұйым қызметкері қамтылды. Серіктестер ретінде Астана қаласының әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Zakon.kz» ақпараттық порталы қатысты.
• Жыл бойы екі рет «Заңды күлкі» тақырыбында «Жайдарман» КВН ойыны ұйымдастырылып, еліміздің үздік 12 командасы қатысты. Іс-шараға шамамен 3 мың азамат жиналды.
• 2025 жылдың тамыз айында АФМ «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірлесіп елордада зейнеткерлер мен қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға арналған оқыту семинарлары мен кеңестер өткізді. Шамамен 1 мың азамат қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық және заңсыз микроқаржы ұйымдарының қауіптері туралы ақпарат алды.
• Күз мезгілінде «FinIQ – 2025» қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық онлайн-диктант өткізілді. Оған 2,8 миллион азамат қатысып, оның ішінде 1,3 миллионы – оқушылар мен студенттер болды.
• 2025 жылғы 1–15 желтоқсан аралығында қаржылық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Qarzhy Saqshysy» республикалық компьютерлік ойыны ұйымдастырылды. Ойынға еліміздің барлық өңірінен 10–11 сынып оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттерінен 800 мыңнан астам қатысушы жиналды.
• Қызылорда қаласында АФМ бастамасымен «Заң мен тәртіп – ел тұғыры» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Айтыс барысында заңға құрмет пен қаржылық сауаттылық мәселелері көркем түрде көтерілді.
• Балаларға арналған «Қошқар мен Теке» қаржылық қауіпсіздік туралы мультфильмі көрсетіле бастады. Қаралым саны 200 мыңнан асты.
• Қаржылық пирамидалардың құрбандарына арналған деректі фильмдер сериясы («HAS пирамидасы туралы», «Ақша қуғандар», «Пирамидалық тәуелділік – аңғалдық па?») жарық көріп, 200 мыңға жуық қаралым жинады.
• Танымал актерлер мен блогерлердің қатысуымен қаржылық пирамидаларға, онлайн-казиноларға, дроппингке және өзге де заңсыз қаржылық схемаларға қарсы бағытталған бірқатар бейнежобалар жүзеге асырылды. Жалпы аудиториялық қамту 3,5 миллион қаралымнан асты.
ҚМА хабарлауынша, биыл халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру және қаржылық тәуекелдерге қарсы тұрудың тұрақты дағдыларын қалыптастыру мақсатында заманауи әрі креативті тәсілдерді қолдана отырып, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшейеді.