Қазақстанда мүгедектік дәрежесін анықтауда жасанды интеллект қолданылмақ
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектік тобын белгілеу үшін жүргізілетін медико-әлеуметтік сараптамада қолданылатын жасанды интеллект моделін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазір ИИ моделін оқыту, сондай-ақ электрондық құжаттарды ұсыну үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру, клиникалық диагнозды растайтын барлық емдеу-диагностикалық, зертханалық және аспаптық зерттеулердің құрылымдалған деректерін цифрлау және беру жұмыстары жүргізілуде.
Министрліктің мәліметінше, жасанды интеллект медициналық құжаттардағы деректерді тану және құрылымдау жүйесі ретінде қолданылмақ. Бұл ұсынылған мәліметтердің толықтығын анықтау, диагноздарды еңбек қабілетін жоғалту дәрежесімен (аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес) сәйкестендіру және қорытынды шешімді ұсыну сияқты процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл құралды енгізу рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, барлық кезеңде адами факторды жояды, мүгедектік тобын анықтаудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін жаңа форматтағы рәсімнің пилоттық режимде апробациясы жоспарланып отыр.