Маңғыстауда үздік білім ұйымдары мен ұстаздар марапатталды

Ақтауда Ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен 700-ден астам мұғалім, білім саласының ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласына қосқан ерен еңбектері үшін бірқатар педагогты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық марапаттары «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Сондай-ақ салтанатты жиында жыл басында облыс әкімінің бастамасымен жарияланған «Табысты мектеп» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші орынды Ақтау қаласындағы мамандандырылған ІТ лицейі иеленді. Жеңімпаз мектепке жаңа автокөлік және басшыдан кіші қызметкерге дейін 3 айлық қаржылай сыйақы берілді.
Екінші орынды Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектеп жеңіп алды. Аталған мектептің басшысынан кіші қызметкеріне дейін 2 айлық қаржылай сыйақы берілді. Ал үшінші орын Жаңаөзен қаласындағы №5 мектеп-гимназиясына берілді. Мектеп ұжымы директордан бастап кіші қызметкерлерге дейін бір айлық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы «Үздік колледж» байқауының нәтижесі жарияланып, бас жүлде Маңғыстау жоғары политехникалық колледжіне табысталды. Ынталандыру сыйлығы ретінде Маңғыстау энергетикалық колледжі мен Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі марапатталды.
Сонымен қатар білім саласында жетістікке жеткен 12 педагогқа облыс әкімінің арнайы төсбелгісі табысталды. Ал байқаудың екінші орын иегерлеріне шипажайға жолдама берілді.
Мектебіміз 1976 жылы ашылды. Бүгінде 94 мұғалім, 1584 оқушысы бар іргелі білім ордасына айналды. «Үздік білім беру ұйымы: Табысты мектеп» байқауына қатысып, өңір тарихында алғаш рет ұйымдастырылған осындай додада жеңімпаз атанғанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жеңістің артында ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегі мен шәкірттеріміздің табандылығы жатыр. Байқауда халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде жетістікке жеткен ұстаздар мен оқушыларымыздың еңбегі жан-жақты сараланды. Жүлде ретінде берілген автокөлік пен қаржылай қолдауды мектебіміздің дамуына, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жұмсайтын боламыз. Осындай игі бастамалардың жалғасын табуы білім сапасын көтеруге зор серпін береді деп сенемін. Облыс әкіміне және ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, - деді Ақтау қаласындағы мамандандырылған ІТ лицейінің директоры Моншақ Ғайыпбаева.
