Тобықтыда Пір Бекет атаның 275 жылдығына арналған ас басталды

Маңғыстаудың Тобықты жерінде Пір атаның рухани ұстазы Шопан ата мен Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығына арналған ас басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бекет атаның Тобықтыдағы мешітін Атаға арнап құрдасы Бөкен Байсал Мырзаболатұлы салған. Есімі күллі Алашқа мәшһүр әулие Пір Бекет атаның 275 жылдығына арналған ұлан-асыр астың тағылымдық мәні зор, таң сәріден Тобықты жеріне бағыт алған көлік санында шек жоқ.
Еліміздің түкпір-түкпірінен Маңғыстауға келген жұрт Тобықтыдағы Пір атаның жер асты мешітіне бас сұғып, баба рухына құран бағыштап, бесін намазын оқыды. Одан соң жұртшылық асқа арнайы тігілген қаз-қатар ақшаңқан үйлерге жол тартты.
Ас қонақтарын қарсы алуға жер-жерден әкеп тігілген үй саны 100-ден асады.
«Ас елдің бірлігі, берекесі үшін керек. Бекет ата түгел түркінің Пірі болған Қожа Ахмет Йасауидің жолын жалғаған, машайықтар мекені - Маңғыстаудың ғана емес, түркі халықтарына ортақ әулие. Бекет атаның феномені - сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем, елдестірген елші, шипасы біткен емші, еліне пана болған, қысылғанда дана болған сан қырлы тұлға. Бекет атаның 275 жылдығына арналған астың «Ақтау - түркі әлемінің астанасы» жылының аясында өтуі тегін емес. Оның үстіне 3 қазан - Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні екенін атап өткен жөн», - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі.
Пір Бекет атаның тағылымды асына үлес қосып жатқан жандар көп.
«Бекет атаның бес баласының бірі - Жайлау. Мен сол Жайлау тегімін. Құлдан деген кісінің немересімін. Атамыздың 250 жылдығына қызмет етіп едік. Бұл жолы Пір атаның 275 жылдығына арналған асқа Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Бейнеу ауданында, сондай-ақ Ақтөбе мен Қостанай облысында тұратын қосқұлақ ағайындар болып 5 ағаш үй тіктік. Атамыздың төрт мешіті бар екені мәлім, Ұйымдастыру алқасының ұйғарымымен Тобықтыда өткізуге шешім қабылданды. Бекет ата - барша қазаққа ортақ тұлға», - дейді Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Өтебай Бітіков.
«Ұрпаққа - Ұстаз, Ұлтқа - Ұран» болған Пір Бекет атаның 275 жылдығына арналған ас екі күнге созылады. Астың бірінші күні Шопан ата жүлдесі үшін аламан бәйге, палуандар сайысы, өлке өнерпаздарының концерті, танымал тұлғалардың тағылымды ойтолғауын өткізу жоспарланған.





