Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Раушан АЙМҰРЗАЕВА, кәсіпкер: «Қазақ тілін қолдау – халыққа құрмет пен табысты бизнестің кепілі»

|
03.10.2025 14:55
Раушан АЙМҰРЗАЕВА, кәсіпкер:  «Қазақ тілін қолдау – халыққа құрмет пен табысты бизнестің кепілі»

Маңғыстау өңірінде халықтың сеніміне ие болған іскер жандардың бірі – Раушан Аймұрзаева. Заңгер мамандығын меңгерген ол жиырма жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданып келеді. Бүгінде «ASSYL TRANS GROUP» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде тасымалдау және логистика саласында тұрақты қызмет атқаруда. Еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Халық алғысы» медалімен, «Даңқ жұлдызы» орденімен марапатталған. Раушан Нұрғалиқызы бүгінде табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік тілдің үлкен жанашыры. Сондықтан сұхбатымыз да мемлекеттік тілдің бизнестегі орны, кейіпкеріміздің кәсіби жолдағы тәжірибесі мен өмірлік қағидалары төңірегінде өрбіді.

 

– Сіз басқарып отырған кәсіпте мемлекеттік тіл қандай деңгейде қолданылады? Қызмет көрсету тілі қандай?

 

– Біздің компанияда мемлекеттік тіл негізгі орында. Қызметкерлеріміздің көбі қазақ болғандықтан, ішкі қарым-қатынас күнделікті өмірде қазақ тілінде жүреді. Бұл біз үшін ешқандай жасандылық емес, табиғи жағдай. Қызмет барысында клиент қай тілде сөйлесе де, біз оған сол тілде жауап беруге тырысамыз. Дегенмен, қазақ тілінде сөйлескенде арадағы сенім де, жылылық та өзгеше болады.

Құжат айналымы да бізде қазақ және орыс тілдерінде рәсімделеді. Ал егер халықаралық серіктестермен жұмыс істесек, онда ағылшын тілін қосамыз. Яғни, үш тілді қатар қолданамыз. Бұл жүйе бізге ыңғайлы ғана емес, кәсіби тұрғыдан да тиімді. Әрбір құжат үш тілде рәсімделгенде, қызметкер де жаңа сөздерді үйреніп, кәсіби сөздік қорын кеңейтеді.

 

– Клиенттермен және серіктестермен қарым-қатынаста қазақ тілінің рөлі қандай?

 

– Қазақ тілінің рөлі өте жоғары. Қазақпен қазақша сөйлесу – сенімнің кепілі. Адам өз ана тілінде сөйлегенде өзін еркін сезінеді, ойын бүкпей айтады. Сол арқылы біз де клиенттің шынайы қажеттілігін жақсы түсінеміз. Бұл – кәсіби қатынастың сапасын арттыратын үлкен артықшылық.

Менің ойымша, азамат өз елінің мемлекеттік тілін білмесе, оның қоғамдағы беделіне де әсер етеді. Ана тілін білу – тек тілдік дағды емес, ол адамның мәдениеті мен өзін-өзі қадірлеуін көрсетеді. Бизнес саласында да осы қағида жұмыс істейді. Қазақ тілінде қызмет көрсететін компания халыққа жақындайды, сенімге ие болады. Бұл – бизнестің ең үлкен капиталы.

 

– Тасымалдау мен логистика саласында мемлекеттік тілді қолданудың қандай артықшылықтары бар?

 

– Артықшылықтары өте көп. Ең алдымен, қазақ тіліндегі ақпарат ресми айқындық береді. Мысалы, құжат қазақ тілінде әзірленсе, клиент өз құқығы мен міндетін түсінікті тілде оқып, артық сұрақ қоймайды. Бұл сенімді күшейтеді.

Екіншіден, қазақ тілін қолдану – ұлттық болмысымызды сақтаудың жолы. Автобусқа мінген жолаушы қауіпсіздік ережелерін қазақ тілінде көргенде, өзінің мәдениеті құрметтеліп отырғанын сезінеді. Бұл – үлкен рухани қолдау.

Үшіншіден, мемлекеттік тілді қолдану компанияның беделін арттырады. Қазақ тілінде сауатты сөйлейтін бизнес халыққа жақын көрінеді. Біз шетелдік туристермен де жұмыс істейміз. Олар да қазақ тілін естігенде, Қазақстанның өз ерекшелігін танып, қызығушылықпен қарайды.

 

– Қызметкерлеріңіздің мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасап отырсыз ба?

 

– Иә, біз бұған әрқашан мән береміз. Барлық жиналыстар, талқылаулар, жұмыс барысындағы хат алмасулар қазақ тілінде өтеді. Бұл ортада қазақ тілінде сөйлеу – табиғи жағдай. Сонымен қатар, құжат айналымында да қазақ тіліне басымдық береміз. Халықаралық серіктестер үшін құжаттарды үш тілде жасаймыз. Бұл қызметкерлерімізге жаңа терминдерді бірден үш тілде меңгеруге мүмкіндік береді.

 

– Техникалық терминдерді қазақша қолдануда қиындықтар бола ма?

 

– Алғашқы кезде біраз қиындықтар болды. Кеңес дәуірінен қалған құжаттар тек орыс тілінде еді. Қазақша баламаларына табу, бірден үйрену оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе бұл дағдыға айналды. Біз құжаттарды үш тілде қатар жүргізе бастадық. Мысалы, жұмыс уақытының есебі бір құжатта қазақша, орысша және ағылшынша қатар беріледі. Бұл әрі ыңғайлы, әрі тіл үйренуге қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде бұл тәжірибе қалыпты үрдіске айналды.

 

– Мемлекеттік тіл саясатын өз кәсібіңіз арқылы қалай қолдап жүрсіз?

 

– Біз үшін мемлекеттік тілді қолдау – қағаз жүзіндегі міндет емес, күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Жолаушыларға арналған барлық ақпарат алдымен қазақ тілінде беріледі. Қауіпсіздік ережелері, белгілер де солай. Қазақ тілі әрдайым бірінші тұрады. Бұл – халыққа құрметтің, жауапкершіліктің белгісі.

 

– Бизнес тілдік ортаны қалыптастыруда қандай рөл атқарады?

 

– Бизнес – тіл саясатын жүзеге асыратын ең басты құралдардың бірі. Адам күнделікті дүкенге барады, көлікке отырады, мейрамханаға кіреді. Егер осының бәрінде қазақ тілі бірінші орында тұрса, ол халықтың күнделікті дағдысына айналады. Әлемдік тәжірибе соны көрсетеді. Дамыған елдердің бәрінде қызмет көрсету алдымен мемлекеттік тілде жүреді. Турист түсінбесе ғана басқа тілге ауысады. Қазақстанда да осы тәжірибені қалыптастыру қажет.

 

– Қазақ тілін дамыту үшін қандай үлес қосып жүрсіз?

 

– Біз барлық көліктердегі ақпаратты қазақ тілінде беруге тырысамыз. Сонымен қатар, қызметкерлеріміз кәсіби терминдерді қазақша қолдануды үйреніп жүр. Меніңше, кез келген кәсіпкердің қазақ тілін қолдауы – өзі бір қоғамдық бастама. Себебі, бизнес арқылы мыңдаған адам күнделікті қазақ тіліндегі ақпаратты көреді, естиді. Бұл мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдағы орнын күшейтеді.

 

– Логистика саласына қазақ тілін толық енгізу үшін қандай қадамдар қажет?

 

– Біріншіден, барлық ресми құжаттардың қазақша нұсқасы болуы тиіс. Екіншіден, көрнекі ақпарат алдымен қазақ тілінде берілуі керек. Үшіншіден, жас мамандарды даярлау кезінде қазақ тіліндегі оқу құралдарын кеңінен енгізу қажет. Төртіншіден, бизнес те өз тарапынан үлес қосуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілі бұл салада толық орнығады.

 

– Осы тұрғыда жас кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

 

– Ең бастысы, мемлекеттік тілді қолданудан қорықпау керек. Қазақ тілінде қызмет көрсету – клиенттің сенімін арттырады. Бұл бизнес үшін үлкен артықшылық. Жарнаманы, құжаттарды, қызмет көрсетуді қазақ тілінде жасау компанияның беделін көтереді. Сонымен бірге икемді болу да маңызды. Қажет жағдайда басқа тілдерді қолдануға болады, бірақ қазақ тілі әрдайым бірінші орында тұруы керек.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!