Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда қоғамдық ұйым өкілдері Каспийді құтқару жөніндегі ұсыныстарын айтты

Ақтауда қоғамдық ұйым өкілдері Каспийді құтқару жөніндегі ұсыныстарын айтты

Ақтауда өткен «Aktau Dialogue – Green Hydrogen 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында атыраулық эколог, «Save the Caspian Sea» қозғалысының тең құрылтайшысы Галина Чернова Каспий теңізінің қазіргі ахуалы жайында баяндама жасап, оны құтқаруға бағытталған ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Эколог бүкіл Қазақстан халқы мен Каспий маңы елдерін ортақ мәселені бірлесіп шешуге шақырды.


– Каспий теңізінің мәселесі тек жергілікті проблема болып қалмауы керек. Бұл бүкіл ел халқы түсінуге тиіс ортақ қауіп. Біз қазірдің өзінде Арал теңізінің қайғылы тағдырын бастан өткердік. Егер біз бұл жолы да әрекетсіз қалсақ, 30 жыл ішінде екінші теңізден айырылуымыз әбден мүмкін. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, – деді Галина Чернова.


Бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің экологиялық проблемаларына ерекше назар аударған еді. Мемлекет басшысы Каспийдің жағдайына тұтас аймақтың ортақ жауапты екенін, ал теңіздің тартылуы экологиялық апатқа әкеп соғатынын ескертіп, Каспийді сақтау жөнінде мемлекетаралық бағдарлама қабылдау қажеттігін айтқан болатын.


– Бұл конференцияда Еуропа елдері өкілдерінің де маңызды баяндамаларын тыңдадық. Каспий мен Арал секілді ерекше теңіздерсіз Жер шарының экожүйесі өмір сүре алмайды. Каспий шөлейтті аумақта орналасқан, ол табиғатты «тыныстандырып», қалпына келтіру қызметін атқарады. Сондықтан ол Жер биосферасының құрамдас бөлігі. Каспий жағалауында бес мемлекет орналасқанымен, Тегеран конвенциясы 2003 жылы қабылданғанымен, әлі күнге толық іске аспай келеді. Себебі осы құжат аясында әзірленген экологиялық қауіпсіздік пен бақылау, мұнай төгінділерінің алдын алу шараларына қатысты хаттамалар бірқатар елдер тарапынан қол қойылмаған. Ал бұл хаттамаларда барлық қорғаныс тетіктері қамтылған, – деді эколог.


Каспийдің ең терең бөлігі – оңтүстік жағында орналасқан, мұндағы тереңдік 1025 метрге дейін жетеді. Орта тұсында – 780-850 метр, ал ең әлсіз, осал аймақ – бұл солтүстік және солтүстік-шығыс Каспий. Бұл бөліктер таяз әрі тұщы сулы. Бұрын бұл аймақтар бекіре тұқымдас балықтардың көбею, миграция, қоректену алаңдары болатын. Алайда соңғы жылдары адам әрекетінің әсерінен бұл түрлер бұл аумақтан кетіп қалған.


– Ал итбалықтардың жаппай қырылуы ше? Олар — теңіздегі трофикалық тізбектің жоғарғы сатысындағы жаратылыс иелері. Осы жүйенің тепе-теңдігін ұстап тұрушы тіршілік иелері неге өз мекенінен шығып қалуда? Бұл сұрақтар терең зерттеуді қажет етеді. Мұнай өндіру бұл аймақта сонау 1900 жылдан басталды. Ол кезде өңірдің бірегейлігі мен маңызын ескеріп, теңіздегі қорларды пайдаланбау туралы шешім қабылданған болатын. Тек құрлықтағы кен орындарын зерттеу қолға алынған. Ал қазір ондаған кен орны теңіз түбінен игерілуде, – деді Галина Чернова.


Экологтар көптеген сұраққа нақты жауап талап етеді. Атап айтқанда, 2013–2014 жылдардағы құбырлардың жарылуы, химиялық реагенттердің теңізге төгілуі, мұнай қалдықтары, сондай-ақ теңіз түбін тереңдету мен жарылыспен жүргізілетін жұмыстардың салдары алаңдатып отыр.


– Кеме қатынасының артуы, тікұшақтардың ұшуы, шу мен діріл нормаларын өрескел бұзатын кемелердің пайдаланылуы, мұз жаратын мұзжарғыштардың әрекеті — бәрі де экожүйеге теріс әсер етуде. Қазір теңізге мұнай төгінділері көбіне танкерлер мен кемелерден таралуда. «Природный мир Каспия» атты танымал ұйымның ғарыштан жүргізетін мониторингі осыны дәлелдейді. Олар Астанада өткен конференцияда теңіз акваториясының ластану деңгейін нақты көрсетіп берді. Тіпті порттарға тапсырылуға тиіс тұрмыстық қалдықтардың тек 19 пайызы ғана жеткізіліп, есепке алынады, қалғаны тікелей теңізге тасталады, – деп мәлімдеді эколог.


Галина Чернова Каспийдегі экологиялық апаттарға байланысты бірқатар трагедияны еске салды. 2000 жылы итбалықтар мен бекірелер жаппай қырылды. 2006 жылы тағы да 30 мың итбалық қырылған. 2005 жылдың көктемінде жаппай бозторғай мен қарқылдақ құстары өлген.


– Сол кезде «Аджип ККО» компаниясы 1,5 миллион теңге ғана өтемақы төлеп, іс сонымен жабылды. Бірақ біз сол өтемақының қайта қаралуын талап етеміз. Себебі бұл құстар маусым ішінде 4 рет ұя салады, әр ұяға 4–5 жұмыртқа басады. Залал мөлшері соған сәйкес болуы тиіс еді. 2015 жылы орнитологтар 70 пеликанның (олар халықаралық және Қазақстанның Қызыл кітабына енген) қырылғанын тіркеді. Биыл көктемде де бірқатар шағала, қиқылдақ және өзен қарқылдақтарының өлекселері табылды. Қырылу себептері белгісіз, – деді ол.


Адам әрекеті Каспийдегі барлық тіршілік тізбегінің негізі болып саналатын зоопланктондарға да әсер етуде. Бұл микрожәндіктер әсіресе діріл, шу және судың лайлануына сезімтал. Қазір теңіз түбін тереңдету жұмыстары бұл процесті ушықтыра түсуде.


«Save The Caspian Sea» халықаралық экологиялық қозғалысы Каспийдегі экологиялық дағдарысты шешуге бағытталған ұсыныстарын әзірлеп, Үкіметке жолдаған.


Конференцияда айтылған негізгі ұсыныстар мыналар:


1. Теңіздегі мұнай өндіру кезінде келтірілетін залалды бағалауды қоса алғанда, жаңа экологиялық стандарттар мен нормативтерді әзірлеу;

2. Каспий өңірінің орнықты дамуына арналған баламалы бағдарламалар дайындау;

3. Табиғи ортаның экологиялық жүктемесін анықтап, орны толмас ресурстарды пайдалануға лимиттер мен квоталар белгілеу;

4. Каспий акваториясын толыққанды мемлекеттік және мемлекетаралық бақылау және мониторинг жүйесімен қамтамасыз ету;

5. Мұнайдың төгілуінің алдын алу және жедел әрекет ету жөніндегі өңірлік жоспарлар жасау;

6. Экологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, соның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдердің ашықтығын арттыру;

7. Каспий маңы елдерінің қоғамдық кеңесін құрып, өндіруші компаниялар мен үкіметтер арасында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік және ауыз сумен қамту мәселелері бойынша толыққанды диалог орнату;

8. «Save The Caspian Sea» бастамасымен әзірленген 10 тармақтан тұратын экологиялық дағдарысты шешу жөніндегі «Каспийді құтқару жол картасын» қабылдау.

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!