Экологиялық патриотизм: «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы басталды

Бүгін Алматы облысы Тарғап ауылы тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының ашылу салтанаты өтті. Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді. Сонымен қатар «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарай кешені, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады. Осылайша road-эстафета табиғатты қорғау, мәдени мұраны сақтау және экологиялық патриотизмді қалыптастыру міндеттерін тоғыстырады.
