Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда мемлекеттік қаржыны тиімді басқару бойынша семинар өтті

Ақтауда мемлекеттік қаржыны тиімді басқару бойынша семинар өтті

Бюджеттік кодексті түсіндіруге арналған ақпараттық-насихаттық жиын өтті. Іс-шараға өңірдегі барлық аудан мен қаланың мемлекеттік органдары мен жергілікті атқарушы органдардың қаржы саласының 150-ден астам маманы қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz


Семинар спикерлері ретінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік саясат департаменті директорының орынбасары Динара Торина, Салалық даму және инвестициялық жобаларды бақылау департаментінің директорының орынбасары Әлішер Шаяхметов және Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің бас сарапшысы Ардақ Хожбанова сөз сөйлеп, жаңа кодекстің маңызды нормаларын түсіндірді.


Семинар барысында кодекске енгізілген басты өзгерістер, бюджеттік жоспарлау, бағдарламалық басқару, нәтижелілік көрсеткіштері және қаржылық бақылау саласындағы жаңа тәсілдер жайлы кеңінен ақпарат берілді.


- Бюджеттік кодекс – елдің фискалдық саясатын айқындайтын негізгі құжаттардың бірі. Ол салық кодексімен қатар мемлекеттің қаржылық жүйесінің негізін құрайды. Сондықтан бұл құжаттың қабылдануы айтарлықтай қоғамдық және кәсіби қызығушылық тудырып отыр. Әсіресе, бюджетті жоспарлау мен орындауға тікелей жауапты өңірлік деңгейдегі мамандар үшін оның мазмұнын терең түсіну – практикалық шешімдер қабылдауда аса маңызды. Жаңа кодекс енгізген өзгерістерді дұрыс қабылдап, тиімді іске асыру үшін осындай түсіндіру кездесулерінің маңызы зор, - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік саясат департаменті директорының орынбасары Динара Торина. 


Сондай-ақ Динара Торина мемлекеттен кез келген бағытта берілетін субсидия талаптары қатаңдатылатынын жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттен қолдау алған кәсіп иелері қоғамға пайда әкелуі тиіс.


- Субсидиялау тетіктеріне қойылатын талаптар кезең-кезеңімен қатаңдатылып келеді. Болашақта субсидия беру нақты критерийлерге сүйеніп, жай ғана қаржылық қолдау емес, тиімділікті талап ететін құралға айналмақ. Мемлекеттік қолдау қайтарымсыз болған күннің өзінде, ол үнемі мониторингке алынады. Яғни, бюджеттен бөлінген әрбір теңге экономикаға немесе қоғамға нақты пайда әкелуі тиіс — бұл әлеуметтік немесе экономикалық тиімділік болуы мүмкін. Осыған байланысты, қаржыны мақсатсыз жұмсауға жол берілмейді және субсидия алушыларға қойылатын талаптар да күшейтіледі, - деді Динара Торина.


Министрлік өкілдері жаңа Бюджет кодексінде бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыру, мемлекеттік қаржының ашықтығы мен есептілігін күшейту, нәтижеге негізделген басқару тәсілдерін енгізу, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің дербестігін кеңейту сынды бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылғанын жеткізді. Олардың сөзінше, өзгерістер мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған. 


- Бұл құжат бюджеттік процестің барлық кезеңдерін реттейді. Ол қаржылық қозғалыстың заңдылығын қамтамасыз етіп, қаржылық тәртіпке жауапкершілікті айқындайды және мемлекеттік органдардың бюджет қаражаттарын тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануы талаптарын белгілейді. Құжатты оқып шығу бір бөлек, ал оның өзгерістері мен ерекшеліктерін сол құжатты жасауға қатысқан мамандардың өз аузынан тыңдау мүлде басқа. Сондықтан біз өңірімізде алғаш рет осындай семинар өткізіп, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдерін арнайы шақырдық, - деді Маңғыстау облысы қаржы басқармасының басшысы Марина Әлбекова.


Ал қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, тәжірибе алмасу алаңында пікір алмасты.

35
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!