Ақтауда 7 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі

Ақтау қаласында 7 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. Бұл туралы қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен өткен жиында «Каспий жылу, су арнасы» МКК бас инженері Серік Жалғасбай мәлімдеді, деп жазады otpannews.kz.
Ақтау қаласының әкімдігі, жылу беру маусымының бірінші кезеңінде қаланың жоғарғы және төменгі аймақтарындағы әлеуметтік нысандар мен заңды тұлғалардың жылыту жүйелері қосылатынын айтты. Ал тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету қала әкімінің қаулысына сәйкес 10 қазанға бекітілді.
Әбілқайыр Байпақов жылыту маусымына салғырт қарауға болмайтынын баса айтты. Сонымен қатар тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық құжатын жедел жасақтауды тапсырды.
- Тұрғын үйлер дайындық актісін беруді жеделдетуі керек. Ол үшін қызмет көрсетуші мекемелер жұмысты күшейту керек. 5 қазанға дейін барлық мәселелер реттелуі керек, – деді қала әкімі.
Еске салайық, 19-22 қыркүйек аралығында қала аумағында құбырларға гидравликалық сынақ жүргізілді. Сынақ кезінде шағын ауданішілік құбырлардан 60 ақау анықталып, қалпына келтірілді.
