Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Қазақ күресінен Сайын Шапағатов атында облыстық турнир ұйымдастырамыз

|
01.10.2025 14:33
Қазақ күресінен Сайын Шапағатов атында облыстық турнир ұйымдастырамыз

Қазақ күресі – ұлтымыздың көне спорттық мұрасы, халықтың жан тебіренісін, ерлігін және рухын дәріптейтін жарыс түрі. Бұл өнер қазақ баласының бойындағы төзімділік пен тапқырлықты шыңдап, дене мен рухтың бірлігін көрсетеді. Биыл осы ұлттық спорт түрінің дамуы мен жастар арасында кеңінен насихатталуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері, алғашқы демократиялық ұйым «Парасат» қоғамдық-саяси қозғалысының негізін қалаушы және тұңғыш төрағасы Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың туғанына- 85 жыл. Осыған орай Маңғыстау облысында Ақпарат дәне қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында Қазақ күресі федерациясымен бірлесе қазақ күресінен облыстық турнир ұйымдастырамыз.


Сайын Нәдірұлы Шапағатов – қоғамдық қызметкер, демократиялық қозғалыстың негізін қалаушы, сонымен қатар ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлген тұлға. 1985 жылы спорттық шараларды ұйымдастыру барысында қазақ күресінің жастарды тәрбиелеудегі рөліне баса назар аударып, осы бағытқа күш-жігерін жұмсаған.


Маңғыстау облысындағы алғашқы қазақ күресінен жарыстардың өткізілуіне бастамашы болып, спортшылардың рухын көтеріп, оларды үлкен жарыстарға жігерлендіріп, қатыстырып отырған. Оның айтуынша, қазақ күресі – жастарды дені сау, еңсесі биік, ұлттық рухты бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптастырудың таптырмас құралы. Балуандық дәстүрді сақтап, оны жаңа заманға лайықтап жаңғырту Сайын ағамыздың негізгі ұстанымы болды.


Қазақ күресі – ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Бұл күрес түрінде балуанның басты мақсаты – қарсыласын әділ, техника мен шеберлікке негізделген тәсілмен жерге түсіру болып табылады. Қазақ күресінің ерекшелігі – жарыстың ашық алаңда өтуі және жеңіске жету үшін балуанның белден жоғары ұстау, теппеу, құлату сияқты әртүрлі күрес әдістерін шебер пайдалануына негізделгендігі. Балуанның дене дайындығы, жылдамдығы, икемділігі, сондай-ақ ақыл-ой шеберлігі ерекше маңызға ие. Сонымен бірге, күрес дәстүрлерінде батырлық, құрмет, намыс сияқты рухани құндылықтар кеңінен насихатталады.



Қазақ күресі – ұлттық салт-дәстүр мен тәрбиенің бір бөлігі, оның көрінісі – палуандардың боз кілемдегі мінез-құлқы, әділдікке ұмтылысы, қарсыласқа деген құрметі, жарыстың соңындағы бір-біріне ықыласы. Бұл күрес түрі балуандарды ғана емес, тұтас қауымды бірлікке, ынтымақ пен тәртіпке баулитын мәдени феномен.


«Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысы 1989 жылы құрылып, оның негізін қалаушы әрі төрағасы Сайын Шапағатов қазақтың ұлттық мұрасын, оның ішінде спорттық дәстүрлерін жаңғыртуға ерекше мән берген. Бұл қозғалыс кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында қоғамдық сана мен ұлттық рухты оятуда үлкен рөл атқарды.


«Парасаттың» идеялары мен мақсаттары тек саяси реформаларға ғана емес, халықтың мәдени және рухани жаңғыруына бағытталған болатын. Қазақ күресінің дамуы да осы ұлттың сана-сезімін көтеру, жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, салауаттылыққа бағыттау жолындағы күрделі және маңызды мәселе ретінде қаралды. Осындай қоғамдық-саяси белсенділік пен ұлттық спортты қолдаудың нәтижесінде облыста қазақ күресінен дәстүрлі жарыстар тұрақты түрде өткізіле бастады.


Сайын Шапағатов атындағы қазақ күресінен облыстық турнир – бұл тек спорттық жарыс қана емес, ұлттың дәстүрлі спорт түрін дәріптеу және насихаттау мақсатындағы үлкен мәдени шара. Турниріміз қазақ күресінің техникалық және тактикалық элементтерін меңгерген жас балуандарды анықтап, олардың шеберлігін арттыруға ықпал етеді. Дене шынықтыру мен спортқа қызығушылықты арттырып, бұқаралық спортты дамытуға септігін тигізеді. Жасөспірімдердің рухани тәрбиесін нығайтып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне жол ашады. Маңғыстау облысының спорттық инфрақұрылымын жетілдіруге, жаттықтырушылар мен спорт мамандарының кәсіби біліктілігін көтеруге мүмкіндік береді.


Облысымызда ұзақ жыл дзюдо және қазақ күресінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарған ардагер, самбо күресінен спорт шебері, «Қазақстанға еңбегі сінген жаттықтырушы», марқұм Темірхан Бисенқұлының естелігіне жүгінсек: «Сайын Шапағатов балуандарға тек спорттық жетістіктерге жетуді ғана емес, ұлттық рухты сақтап, дамытуға бағытталған үгіт-насихат жүргізген. Ол жастарға батасын беріп, жігерлендіріп, олардың бойындағы рухани және физикалық әлеуетті ашуға ерекше мән берген».


Қазақ күресінен ұйымдастырылатын облыстық турнир «Парасат» саяси-қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы, өңіріміздің қайсар перзенті Сайын Шапағатовтың 85 жылдығына арналған ауқымды іс-шара. Ұлттық спортты жаңғырту, жастардың дене тәрбиесін күшейту, сонымен қатар ұлттың рухани құндылықтарын арттыру мақсатындағы маңызды бастама. Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың азаматтық, қоғамдық және спорттық еңбегі қазақ халқының болашағы үшін аса маңызды үлгі болып қала береді.

Құрметті маңғыстаулықтар және өлке қонақтары!


Баршаңызды қазақ күресін дәріптеуге, осы турнирді жоғары деңгейде өткізуге шақырамыз! Өйткені, ұлттық спорт – ұлттың ұлы мұрасы, оның сақталуы мен дамуы – әрбіріміздің парызымыз. Балуан бабаларымыздың дәстүрін жалғап, ұлттық спортты дамытуға атсалысайық! Күш атасы Қажымұқан мен белгілі бабамыз Балуан Шолақтың, Маңғыстаудан шыққан алып күш иелері Бөкен Қаралда палуан, Әли Балта палуандардың даңқты жолын жалғайтын жас барыстарымыз көбейе бергей!


Толқын ҚҰСАЙЫНОВА,

«Parasat Aktau» қоғамдық ұйымының төрағасы

219
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!