Ақтауда қала күніне орай эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті

«Амфитеатр» алаңында қала күніне орай жергілікті және республикаға танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік іс-шараның шымылдығын Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің шығармашылық ұжымы ашты. Ғасыр және Қанат, «West Ars» тобы, Алғыт және т.б жергілікті өнерпаздардан кейін сахнада республикаға танымал әншілер ән шырқады. Кеште Ұлықпан Жолдасов, Айгүл Иманбаева, Ақылбек Жеменей, Нұрлан мен Мұрат, Бейбіт Кушкалиев, Ғалымжан Жолдасбай, Мархаба Сәби, Фарида Жолдасова, Ғаділбек Жаңай, Ерболат Құдайберген және басқа да әншілер ақтаулықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік концертті 10 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Кеш барысында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қала жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ол өз сөзінде Ақтаудың дамуына үлес қосып жүрген әрбір тұрғынға алғыс білдіріп, қаланың жарқын болашағына сенім артты.
Биыл, 2025 жыл – Ақтау қаласы Түркі елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Осы жылы Ақтау төрінде 50-ге жуық ірі халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілді. Ақтау әрқашан арман қала, жастықтың қаласы, рухтың мекені болып қала бермек. Қаланың ең басты байлығы – оның тұрғындары. Сондықтан елдің игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген барша ақтаулықтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.Алдағы уақытта да Ақтау – жас ұрпақтың тың жобаларды жүзеге асыратын, әлемді аузына қарататын қала болатыны сөзсіз. Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді Ақтау қаласының мерекесі – Қала күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Гүлдене бер, ақмаржан Ақтау, – деді қала әкімі.
Алаңға жиналған Ақтау тұрғындары мен қонақтары әншілердің өнерін тамашалап қана қоймай, сонымен қатар қаланың түнгі аспанын мың жарқын бояумен көмкерген түрлі-түсті отшашуды тамашалады.







