Otpan News Logo

Бейнеуде мектеп директоры «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

|
09.11.2026 15:29
Бейнеуде мектеп директоры «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

OTPANNEWS.KZ. - Бейнеу жалпы білім беретін мектебінің директоры Болатбек Оразалиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Маңғыстау облысы бойынша мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға арналған жиын барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы табыстады.


Болатбек Оразалиев еңбек жолын 1984 жылы Сам елді мекеніндегі Амангелді Иманов атындағы орта мектепте бастаған. 1996 жылы Ә. Махуов атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.


Кейін «Манашы» жалпы білім беретін мектебін, Бейнеу лицейін және Абай атындағы жалпы білім беретін мектепті басқарған. 2020 жылдан бері «Бейнеу» жалпы білім беретін мектебінің директоры қызметін атқарып келеді.


42 жылдық еңбек жолында өзін білікті басшы, тәжірибелі ұстаз ретінде танытқан. Білім беру ұйымдарындағы қызметі барысында оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге, білім сапасын арттыруға және педагогтер ұжымының кәсіби дамуына үлес қосқан. Сондай-ақ жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың тәжірибе жинақтауына қолдау көрсетіп келеді.


Болатбек Оразалиев қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. 1987 жылы жергілікті кеңестер депутаттарын сайлау кезінде округ төрағасы, 2017 жылы жергілікті мәслихаттар сайлауында округтік комиссия төрағасы болған. Ал 2023 жылдан бері Бейнеу ауданындағы №124 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып келеді.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!