Ақтауда тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды өткізбек болған азаматқа айыппұл салынды
OTPANNEWS.KZ – Тергеу изоляторында отырған танысына тыйым салынған заттарды беруге әрекеттенген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 275 теңге айыппұл салынды.
Сот материалдарына сәйкес, биыл мамыр айында А. есімді азамат Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесіне тергеу изоляторында отырған танысы К.-мен кездесуге барған. Тексеру кезінде оның өзімен бірге әкелген заттарының арасынан тыйым салынған екі құты табылған.
Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Оның кінәсі әкімшілік хаттама, мекеме қызметкерінің рапорты, анықталған дерек туралы акт және фотоматериалдар арқылы дәлелденді.
Сот шешім қабылдау кезінде азаматтың кінәсін мойындағанын, өкінетінін және бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осылайша, ӘҚБтК-нің 481-бабының 1-бөлігі бойынша көзделген 43 250 теңге айыппұл 30 пайызға төмендетіліп, азаматқа 30 275 теңге айыппұл тағайындалды.