Otpan News Logo

Қаржаубай Көшен: Бірінші қателік – баланың барлық қалауын орындау

|
09.11.2026 10:36
Қаржаубай Көшен: Бірінші қателік – баланың барлық қалауын орындау

OTPANNEWS.KZ. – Әке – отбасының асыраушысы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы, отбасының берекесін ұйыстыратын тұлға. Қазақ халқы қашанда әкенің беделін жоғары қойып, баланы құрмет пен жауапкершілікке тәрбиелеуге мән берген. Алайда уақыт өзгеріп, қоғам жаңарған сайын әкенің отбасындағы рөліне қойылатын талап та өзгере түсті. Қазіргі заман әкесі қандай болуы керек? Ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын қалай сақтаймыз? Осы сауалдар төңірегінде Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бейсенғұлұлы Көшен өз ойымен бөлісті. 


Ардагердің пікірінше, әкенің балаға қалдыратын ең қымбат мұрасы – материалдық байлық емес, дұрыс тәрбие мен жақсы мінез. Оның айтуынша, бала бойына адалдық, еңбекқорлық, намыс пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – әр әкенің басты міндеті. 


«Әкенің ең үлкен міндеті – баласына мінез қалдыру. Байлық та қалады, дүние де қалады. Бірақ жақсы тәрбие ешқашан жоғалмайды. Әке баласына үлкен үй немесе қымбат көлік қалдырмауы мүмкін. Бірақ егер ол баласына адалдықты, еңбекқорлықты, намысты, жауапкершілікті үйрете алса, сол – ең үлкен мұра. Сондықтан ұлттық тәрбиенің тамыры үзілмеуі керек», – дейді Қаржаубай Бейсенғұлұлы. 


Ардагер қазіргі ата-аналардың балаға барлық жағдай жасауға ұмтылысын түсінгенімен, оның шектен тыс қамқорлыққа ұласып кетпеуі керектігін айтады. Баланың әр қалауын орындап, қиындық атаулыдан қорғау оның өмірге бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жас ұрпақ еңбекпен келген дүниенің қадірін біліп, жауапкершілікті сезініп өсуі қажет. 


«Бірінші қателік – баланың барлық қалауын орындау. Бала не сұраса да алып беру, барлық қиындықтан қорғау – әрдайым жақсы нәтиже бермейді. Бала өмірдің қиындықтарын да көруі керек. Еңбек еткеннің, маңдай термен жеткеннің қадірін түсінуі керек. Қазақта «обал болады», «сауап болады», «ұят болады» деген үш үлкен ұғым бар. Осы үш ұғымның мағынасын бала түсінсе, өмірде көп нәрсені дұрыс жасайды», – дейді ардагер. 


Сонымен қатар Қаржаубай Бейсенғұлұлы әкенің бала тәрбиесіндегі беделі құр сөзбен немесе қатаң талап қоюмен қалыптаспайтынын атап өтті. Оның сөзінше, әке өз іс-әрекетімен үлгі көрсетіп, баласына дұрыс бағыт-бағдар бере білуі керек. Отбасындағы сыйластық, еңбекке құрмет пен адалдық ең алдымен әкенің жеке өнегесінен басталады. 


«Жақсы әке – баласына дұрыс бағыт көрсете алған әке. Балаға тек бұйрық беріп, талап қою жеткіліксіз. Әке өзінің өмірімен үлгі болуы керек. Ең бастысы – баласына ұлттық тәрбиені жеткізу. Егер бала ата-анасын сыйласа, еңбекті бағаласа, адалдықты білсе, ол өмірде өз орнын табады», – деп түйіндеді ол. 


Ардагердің пайымынша, заман қанша өзгерсе де, әке тәрбиесінің негізгі өзегі өзгермеуі тиіс. Өйткені саналы ұрпақ тәрбиелеу – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды міндет.

13
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!