Маңғыстауда өндірістік жарақатқа қатысты дауда жұмыс беруші жеңілді
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты өндірістік жарақатқа қатысты еңбек инспекторы шығарған қорытындыны заңды деп таныды. Сот жұмыс берушінің оны жою туралы талабын қанағаттандырмады.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 14 желтоқсанда «А» ЖШС қызметкері жұмыс орнында баспалдақпен түсіп келе жатып, құлаған. Салдарынан өндірістік жарақат алған.
Оқиғаны бастапқы тергеп-тексеру кезінде комиссия қызметкердің кінәсін 80%, ал жұмыс берушінің жауапкершілігін 20% деп бағалаған. Алайда қызметкер бұл шешіммен келіспей, шағым түсірген.
Шағымды қараған Маңғыстау облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы жазатайым оқиға туралы актіге өзгеріс енгізіп, қызметкердің кінәсін 0%, ал жұмыс берушінің кінәсін 100% деп белгіледі.
Бұған келіспеген серіктестік сотқа жүгінді. Талап қоюшының пікірінше, оқиғаға қызметкердің жұмыс орнында алкогольдік масаң күйде болуы себеп болған.
Ал мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің өкілі бұл уәжді растайтын құжаттар жоқ екенін айтты. Сондай-ақ қызметкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылғанын және жұмыс беруші тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптары тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін түсіндірді.
Іс материалдарын зерделеген сот мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы заңнама талаптарына сәйкес қабылданған деген тұжырымға келді.
ЖШС-нің 2026 жылғы 1 шілдедегі қорытындыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік талабы қанағаттандырылмады.