Маңғыстаудағы «Шыж-Мыж»: 5 млн теңге грантпен ұлттық шұжық өндірісін дамытып отырған отбасы
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында ұлттық тағам өндірісін қолға алған отбасылық кәсіптің бірі – «Шыж-Мыж» бренді. Көпбалалы ана Әлия Утемалиева мен оның жолдасы Шоқан Укибаев табиғи еттен шұжық өнімдерін әзірлеп, бүгінде нарыққа 40-қа жуық өнім түрін ұсынып отыр. Кәсіптің дамуына мемлекеттік грант та өз үлесін қосқан.
Кәсіптің тарихы 2018-2019 жылдары басталған. Алғашында отбасы мүшелеріне арнап сапалы әрі табиғи тағам дайындауды мақсат еткен Әлия Утемалиева уақыт өте келе бұл істі кәсіпке айналдырған.
Оның айтуынша, бұған балалардың денсаулығына деген алаңдаушылық себеп болған. Дүкен сөрелеріндегі шұжықтардың құрамын зерттегеннен кейін ол өнімді өзі дайындауға шешім қабылдады.
«Балаларым дүкендегі шұжықтарды ұнататын еді. Бір күні оның құрамын оқып отырып, денсаулығына зиян тигізетінін байқадым. Содан кейін неге өзім табиғи, химикатсыз өнім жасамасқа деген ой келді. Құрамында соя изоляты, түрлі ұнтақтар мен қоспалар болмайтын, таза еттен жасалған өнім өндіруді қолға алуды шештім», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде «Шыж-Мыж» брендімен ұсынылатын өнімдер 100 пайыз табиғи еттен дайындалады. Өнімдердің қатарында шұжықтың бірнеше түрі, сосискалар, сарделькалар, сондай-ақ балғын, ысталған, сүрленген және деликатес қазы бар.
Кәсіптің басты ерекшеліктерінің бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған өнімдер әзірлеуі. Атап айтқанда, аутизм, ДЦП және ЗПРР диагноздары бар балаларға арналған глютенсіз әрі казеинсіз шұжық пен сосиска түрлері шығарылады.
Кәсіпкер өндірісті кеңейту мақсатында мемлекеттік грантқа бірнеше рет өтінім берген. Нәтижесінде 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. Бұл қаражатқа шұжық дайындау процесін жеңілдететін және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар сатып алынған.
Әлия Утемалиеваның айтуынша, кәсіпті дамыту жолы оңай болмаған. Жолдасымен бірге өндіріс технологияларын зерттеп, шетелдік тәжірибені зерделеген. Оны ұлттық тағам дайындау дәстүрімен ұштастыруға тырысқан.
Қазір кәсіпкерлер онлайн форматта өнімдерін сатады. Алдағы уақытта кәсіп иелері Маңғыстау өңірінде ұлттық тағамдардан тұратын арнайы сауда желісін ашуды жоспарлап отыр.
«Шыж-Мыж» атауының өзі де ұлттық тағам мәдениетін жаңғырту идеясымен байланысты. Кәсіп иелері бұжы, әсіп секілді ұмыт бола бастаған тағам түрлерін қайта танытып, қазақ асханасының бай мұрасын заманауи өндіріс арқылы дамытуға ниетті.