Халықтың əл-ауқаты – мемлекет назарында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа арналған Жолдауын жариялады. Бұл маңызды құжатта əлеуметтік саясатты жетілдіру, мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау жəне əлеуметтік төлемдерді тиімді ұйымдастыру мəселелеріне ерекше мəн берілді. Себебі бұл қоғам үшін ғана емес, мемлекет үшін де маңызы зор.
Жолдаудағы əлеуметтік саясатқа қатысты негізгі бастамалардың бірі – мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға беріп, қолдау. Президент мемлекеттік қолдау мен əлеуметтік көмектің мұқтаж азаматтарға ғана бұйыруы тиіс екенін жəне бұл Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Бұл қадам бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудан қорғайды. Жағдайы жақсы адамдардың əлеуметтік төлемдерді иемденуі қоғамда əділетсіздік тудырады, сондықтан жүйені сүзгілеу — өте дұрыс шешім. Сарапшылар бұл реформаны жүзеге асыруда асығыстыққа жол бермеу керектігін ескертеді. Отбасылардың нақты табысын анықтайтын ақпараттық жүйелер мінсіз жұмыс істеуі тиіс. Президенттің өз сөзімен айтсақ, бұл мəселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен шешу маңызды.
Екінші маңызды мəселе – əлеуметтік масылдықпен күрес жəне популизмнен бас тарту. Мемлекет басшысы əлеуметтік мемлекет деген ұғымды адамдарды төлемдерге тəуелді ету деп түсінбеу керектігін айтты. Ол орынсыз əрі негізсіз əлеуметтік төлемдерді популизмнің көрінісі деп атады.
Мемлекеттің басты міндеті – əр азаматтың еңбек етуіне, кəсіппен айналысуына, тұрақты табыс табуына жəне өз өмірін жақсартуына мүмкіндік жасау. Сондықтан əлеуметтік төлемдер адамды жалқаулыққа емес, еңбекке ынталандыруы керек.
Үшіншіден, реформаларды алдын ала сынақтан, яғни пилоттық режимнен өткізу. Президент əлеуметтік көмектің жаңа тəсілдерін бірден жаппай енгізбей, алдымен пилоттық жоба ретінде тексеруді тапсырды. Себебі жаңа тəсілдерді алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу – ықтимал кемшіліктерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік деңгейдегі қателіктер мен əлеуметтік наразылықтардың алдын алады. Жүйенің тиімділігіне көз жеткізгеннен кейін ғана оны бүкіл елге тарату – басқару ісіндегі сауатты қадам.
Төртіншіден, əлеуметтік инфрақұрылымға басымдық беру. Президент халықтың тұрмыс сапасын арттырып, жақсартатын əлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басты назар аударды. Мектептер, ауруханалар, жолдар, тұрғын үйлер мен басқа да əлеуметтік нысандар – азаматтардың күнделікті өміріне тікелей əсер ететін маңызды жобалар. Иə, еліміздің ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс. Бұл маңызды міндеттер ұзақ мерзімді перспективада халықтың əл-ауқатын арттыруға тікелей əсер етеді, өйткені сапалы инфрақұрылым – тұрақты дамудың негізі.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген бастамалары əлеуметтік қолдаудан бас тартуды емес, оны неғұрлым əділ əрі нəтижелі ету қажеттігін көрсетеді. Бюджет қаражатын орынсыз шашуды тоқтатып, қолдауды тек мұқтаж жандарға бағыттау жəне халықты еңбекке ынталандыру қазіргі экономикалық жағдайда өте қисынды əрі дер кезінде қабылданған стратегиялық шешім болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асқан жағдайда əлеуметтік саясаттың тиімділігі артып, қоғамдағы əлеуметтік əділеттілік нығая түседі. Бастысы, мемлекеттік қолдау азаматтың бүгінгі қажеттілігін өтеумен шектелмей, оның ертеңгі мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі тиіс.
Гүлзира Есетова,
Ш.Есенов университетінің халықаралық
қатынастар және әлеуметтік-саяси
пәндер кафедрасының аға оқытушысы