Мәслихат депутаттарын сайлау: Маңғыстауда 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 29 қараша күні өтетін дауыс беруге 455 883 сайлаушы қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы Ақтауда өткен жиында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының өкілдері өңірлерді аралап, сайлау учаскелерінің дайындығын тексеріп жатыр. Инспекциялық жұмыстар аясында учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, қажетті құжаттардың жеткізілуі және бюллетеньдерді басып шығару барысы назарға алынған.
«Біздің негізгі жұмысымыз – өңірлердегі сайлауға дайындық деңгейін тексеру. Оның ішінде дауыс беретін учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып жатырмыз. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің білімін, дайындығын тексеру маңызды. Осы мақсатта тестілеу өткізіліп, электоралдық оқыту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен сайлау заң талаптарына сәйкес өтуі үшін оқыту жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді Нұрлан Әбдіров.
Маңғыстауда дауыс беруге арналған 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 3 учаске әскери бөлімдерде, 2 учаске емдеу-профилактикалық мекемелерде, 1 учаске уақытша ұстау изоляторында, 6 учаске вахталық кенттерде орналасқан.
Барлық сайлау учаскесі байланыс және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ пандустар, тактильді көрсеткіштер, арнайы бұрыштар мен дауыс беруге арналған кабиналар орнатылған. Учаскелердің орналасқан жерлері арнайы картаға енгізілген.
Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін цифрлық қызметтер де іске қосылған. Атап айтқанда, 224 учаскеде азаматтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін анықтай алады. Бұдан бөлек, өңірде сайлаушыларға арналған Call-орталық жұмыс істеп тұр. Сайлау учаскесін арнайы сайт және Telegram-бот арқылы да тексеруге болады.
Нұрлан Әбдіров сайлау науқанының қыс мезгіліне тұспа-тұс келуіне байланысты учаскелердің айналасын қар мен мұздан тазарту, жарық және жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, электр қуаты мен интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі де маңызды. Себебі кейбір учаскелерде азаматтарға тіркелген жеріне қарамастан бір күнге тіркеліп, дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай мүмкіндік беретін 6 учаске ашылады.
Жиында сайлау барысындағы заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және шалғай елді мекендердегі сайлау комиссиялары мүшелерінің қауіпсіздігі мәселелері де талқыланды.
Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Сайлау науқанына дайындық Орталық сайлау комиссиясының бақылауында.