Арнайы киім өндірісіндегі «Ria Safety» ЖШС табысты еңбек етіп келеді

2018 жылы құрылған "Ria Safety" ЖШС - бүгінде отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан табысты кәсіпорындардың бірі. Бастапқыда шағын көлемде жұмысын бастаған мекеме 2022 жылы өздерінің жеке тігін цехын іске қосып, өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл қадам отандық өндірісті дамыту мен тұтынушыларға жоғары сапалы арнайы киім ұсыну мақсатында жүзеге асты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Компания арнайы киім тігумен айналысады. Қазіргі таңда мұнда 25 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жаңа кадрларды тарту мақсатында бос жұмыс орындары ашылған. Мекеме жылына шамамен 5000 дана өнім өндіреді. Сапаға негізделген өнімге сұраныс жылдан-жылға артып келеді, сондықтан өндіріс көлемі де біртіндеп ұлғайып жатыр.
"Ria Safety" компаниясы мемлекеттік қолдауды да тиімді пайдалануда. Компания "Атамекен" ҰКП мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы, сондай-ақ Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегімен мемлекеттік қолдау алып отыр. Бұл қолдау кәсіпорынға жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті кеңейтуге және ұжымды нығайтуға зор мүмкіндік берді.
Мемлекеттік бағдарламалар біз үшін үлкен қолдау болды. Бұл көмектің арқасында біз тек бизнесімізді дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық нарықта өз орнымызды қалыптастырдық, – деп бөлісті кәсіпорын өкілі Рената Үмбеталиева.
Компания өнімдерін тек Маңғыстауда ғана емес, сонымен қатар Шымкент, Орал, Ақтөбе, Қарағанды сияқты ірі қалаларға да жеткізеді. Бұл олардың өнім сапасының жоғары екенін және кең нарықта сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қазіргі таңда кәсіпорын 35-тен астам тігін машинасы және 5 заманауи станокпен жабдықталған. Бұл техникалар өндіріс тиімділігін арттырып, жұмысшылардың еңбегін жеңілдетуде маңызды рөл атқарады.
"Ria Safety" ЖШС-нің басты стратегиялық мақсаттарының бірі – өндірісті кезең-кезеңімен автоматтандыру, осылайша еңбек өнімділігін арттырып, қызметкерлер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету.
Біз үшін жұмысшылардың жағдайы бірінші орында. Болашақта автоматтандыруды енгізу арқылы олардың жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыруды көздеп отырмыз, – дейді компания өкілі.
Сонымен қатар кәсіпорын еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің заманауи, сапалы және бәсекеге қабілетті бола алатынын дәлелдеуді де маңызды мақсаттарының бірі ретінде алға қояды.
