Маңғыстаудағы теміржол вокзалы заманауи келбетімен ерекшеленеді
OTPANNEWS.KZ. - Мұнайлы ауданындағы заман талабына сай жаңа теміржол вокзалында қазіргі уақытта нысанда әрлеу, жиһаз орналастыру және аумақты абаттандыру жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Вокзал hi-tech стилінде салынған. Ғимараттың сыртқы келбетін айшықтайтын витраждар мен қасбеттегі сәулеттік шешімдер арқылы Маңғыстаудың табиғаты мен Каспий теңізінің асау толқындарын бейнелеуге басымдық берілген.
«Ақ жол құрылыс» мекемесінің нысан басшысы Ақжол Әбдірамановтың айтуынша, қазіргі уақытта ғимарат ішінде соңғы жиһаздарды орналастыру және әрлеу жұмыстары жүргізіліп, вокзалды пайдалануға дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.
– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы қызмет көрсететін, заманауи әрі қолайлы вокзал салу. Осындай маңызды нысанның құрылысын жүргізу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Теміржол вокзалы – мыңдаған адамның жолы тоғысатын, қуаныш пен сағыныш сезімдері ұштасатын ерекше мекен. Сондықтан ел игілігіне қызмет ететін нысанды сапалы аяқтап, пайдалануға беруге үлес қосу біз үшін маңызды, – деді Ақжол Әбдіраманов.
Жаңа вокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы өңірдегі көлік қатынасының дамуына серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.