Otpan News Logo

Ақтауда спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ақтауда спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ақтау қаласында «Намыс» спорт және дене шынықтыру ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтіп, өңірдің спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Қазақстан Республикасының спорт ардагері» куәліктері мен төсбелгілері тапсырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шараның басты мақсаты - Маңғыстау облысында дене шынықтыру мен спорттың өркендеуіне еңбек сіңірген ардагерлерге құрмет көрсету, олардың көпжылдық еңбегін бағалау және кейінгі буынға өнеге ету.


Салтанатты жиында спорт ардагерлері мен сала мамандарына алғыс білдіріліп, олардың өңір спортының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.


Жиын барысында қатысушылар Маңғыстау облысындағы спорт тарихына да тоқталды. Өңірдегі спорт саласының негізі 1973 жылғы 13 маусымда облыстық спорт комитетінің құрылуымен қаланған. Өңір спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінде өмірден өткен ардагерлердің рухына тағзым етілді. Олардың жарқын бейнесі бір минут үнсіздікпен еске алынды.


Іс-шарада Қазақстанда құрылған Спорт ардагерлері одағының қызметі туралы да ақпарат берілді. Қазіргі таңда ұйымның филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде ашылып жатыр.


Салтанатты рәсім барысында дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан көпжылдық үлесі, белсенді қоғамдық қызметі мен спорт қозғалысына адалдығы үшін бірқатар ардагерге «Қазақстан Республикасының спорт ардагері» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.


Білім және спорт саласының ардагері, зейнеткер Насуха Байпақов ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.


Осыдан екі жыл бұрын облыстық спорт ардагерлері кеңесін құрған болатынбыз. Содан бері бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеміз. Республикалық спорт ардагерлері одағының қолдауымен облыста спорт саласында қызмет еткен тәжірибелі жаттықтырушыларды, танымал спортшыларды және спорт ардагерлерін марапаттауға жиналып отырмыз. Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты да - осы азаматтарға құрмет көрсету. Сонымен қатар алдағы уақытта Павлодар мен Қостанай қалаларында өтетін жарыстарға қатысатын жас спортшыларымызға қолдау білдіріп, ақ батамызды бердік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Насуха Байпақов.


Іс-шара соңында қатысушылар спорт ардагерлерін марапаттарымен құттықтап, олардың тәжірибесі мен еңбегі жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!