Otpan News Logo

Малшы Ескендір Сардарбеков: «Шұбат мұнайдан 2 есе қымбат, сондықтан ол – ақ алтын»

|
13.06.2026 11:30
Малшы Ескендір Сардарбеков: «Шұбат мұнайдан 2 есе қымбат, сондықтан ол – ақ алтын»

Маусым айының екінші жексенбісі малшылар күні тойланады. Otpannews.kz сайтының тілшісі осы күні өңірдегі малшылардың бірімен тілдесіп қайтты. 


Маңғыстау облысындағы Емір ауылында 27 ғана үй бар. Кезінде шаруашылығы гүрлеп, тұрғыны көп болған ауылда бүгін санаулы ғана жан тұрады. Емір тұрғындарының басты табыс көзі – мал шаруашылығы. Малшылықты жанына серік етіп, төрт түлік баққан емірліктер жылқы ұстап, түйе бағады. Осы ауылда туып өскен Ескендір Сардарбеков бала күнінен мал баққан. Атадан қалған кәсіппен айналысып жүрген отбасы бұрын қой, жылқы, сиыр мен түйе ұстаса, бүгінде тек түйе шаруашылығымен айналысады. 


«Емір ауылына атам көшіп келген, сол кісі мал ұстап, бізге атадан кәсіп болып жетті. Бірнеше жыл бұрын қуаңшылық болып, жер көктемей қойды. Сол кездері малдар әбден қиналды. Сонда сиыр, қой, жылқыларды жемдеп, семіртіп сатып жібердік. Бірақ түйені өзімізге қалдырдық. Өйткені түйе – шыдамды жануар. Ол шөлге де, алыс сапарға да сыр бере қоймайды. Сирақтары ұзын болғасын шөп іздеп, ұзақ жүре береді. Сүті де, еті мен жүні де сұранысқа ие»,- деді Ескендір Сардарбеков. 


Жер көктемеген жылдары ауыл тұрғындарының бір бөлігі барлық малын сатып, көшіп кетті. Ескендірдің айтуынша, Емірде қазір де тұрғын азайып барады. Басты табыс малдан келсе де, баланың оқуы, жайлы үй іздеп адамдар жақын маңайдағы ауылдарға немесе қалаға көшеді. Сондықтан Ескендір ауылдастарын осында қалдырып, туған өлкесін дамытып, үлкейткісі келеді. 


«Бұл ауылдың балаларының жартысы Жыңғылдыдағы интернат мектепте оқыса, қалған бөлігі Баяндыға, қалаға барады. Мектеп жоқ, газ тартылмаған, сондықтан адамдар жайлылық іздейді. Ал біздің ауыл географиялық жағынан өте оңтайлы. Қысы тым қатал емес, шетелдіктер қызығатын туристік аймақ Ыбық та жақын. Мен осы себептен ауылда этноқалашық жасағым келеді»,- дейді Ескендір. 


Осы арманын орындау үшін емірлік тұрғын нақты қадамдар жасап бастап кетті. Жергілікті турагенттіктер Ыбыққа барар жолда Емірге соғып, ауыл тұрғындарының қонақжайлығына куә болады. Ескендір өзінің ақ атан және өзге түйелерін туристерге көрсетіп, экскурсия жасайды. Ол тіпті экзотикалық тауыс пен мысыр тауығын да осы мақсатта бағып отыр.  


«Біздің Маңғыстауда мінуге арналған түйелер жоқтың қасы. Мен қалмақ тұқымының ақ атан түйелерін арнайы сатып алдым. Оған шетелдіктер мініп, суретке түседі. Кей бірі жайылымдағы түйелерді өздері сауғысы келіп, оны да жасап көреді. Түйе шаруашылығы – өте өнімді сала. Себебі бір шұбаттың құрамында қанша дәрумен бар. Жақында қызық ақпарат білдім. 1 баррель мұнай 180 литрге тең екен. Ал 180 литр шұбат пен 1 баррель мұнайдың құнын салыстырғанда шұбат 2 есеге қымбат. Мұнай – Маңғыстаудың қара алтыны болса, шұбат – ақ алтыны»,- деді малшы Ескендір. 


Мал шаруашылығын кәсіп еткен Ескендір түйе жануарына ерекше ден қойған. Ол тіпті өз бетімен шағын зерттеулер жүргізіп, жаңа бастамаларды қолға алғысы келеді. Өңірдегі шаруалар бірлестігінің белсенді мүшесіне айналған Емір тұрғыны түйе шаруашылығын дамыту арқылы өңірдегі жұмыссыздық мәселесі де шешілетінін айтады. 


«Түйе шаруашылығын дамыту үшін қазір өзекті, маңызды жобалар қолға алынып, жолға қойылды. Төрт түлік ішінде зерттелмей, кенже қалған жануар – түйе малы. Сондықтан түйені жан-жақты зерттеп, ет, сүт, жүн өндірісін дамыту керек. Елдегі түйенің басым бөлігі Маңғыстауда ғой. Түйе шаруашылығын дамыту арқылы аймақтың экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туады»,- деп аяқтады Ескендір Сардарбеков. 


59
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!