Қарақияда «Әйел еңбегі – отбасы мен қоғам дамуының негізі» атты облыстық форум өтті
Қарақия ауданында «Әйел еңбегі – отбасы мен қоғам дамуының негізі» атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, форумды Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Қарақия ауданы әкімдігі және «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық және аудандық комиссия мүшелері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты, «Әкелер одағы», Аналар кеңестері, ата-аналар комитеттері, депутаттар, білім және ішкі саясат саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдарының өкілдері, көпбалалы аналар мен қоғам белсенділері қатысты.
Форум қатысушылары алдымен Қарақия аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап, ауданның мәдени мұрасымен, Қашаған Күржіманұлына арналған залмен, этнография және тарих бөлімдерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар жергілікті қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Пленарлық отырысты облыс әкімінің отбасы мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Жақсыгүл Маханбет жүргізді.
Форумда арнайы шақырылған спикерлер әйелдердің отбасы мен қоғамдағы рөліне қатысты маңызды тақырыптарды қозғады. Жаңаөзен қаласынан келген ардақты ана, халық емшісі Қаламқас Күлбаракова «Әйелдің еңбегі – отбасы бақытының алтын арқауы» тақырыбында баяндама жасаса, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты «Оқушылар сарайы» МКҚК директоры Жанаргүл Жұмашева әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі мен заңнамалық қолдау мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ардақ Бесинбаева мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдердің үлесі туралы баяндады. Қарақия аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжан Нұрханова ұлттық тәрбие мен жастар тәрбиесіндегі аналардың рөліне назар аударды. Ал «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Аллаберген Қонарбаев әйел еңбегін қолдаудағы ер азаматтардың маңызы туралы пікір білдірді.
Облыс әкімінің отбасы мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, Маңғыстау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Жақсыгүл Маханбет форумның маңызына тоқталды.
-Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы әйел еңбегінің маңызын кеңінен насихаттау. Ұрпақ тәрбиесінде, отбасында, кәсіпте және мемлекеттік қызметте аянбай еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесі зор. Себебі әйел еңбегі – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей әсер ететін, қоғамның берік негізін қалыптастыратын маңызды құндылық, - деді Жақсыгүл Маханбет.
Форум соңында Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Манар Төлегенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет және мемлекеттік қызмет салаларындағы үздік әйелдерді Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ Ардақ Бесинбаева бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хатын табыстады.
Аталған форум әйелдердің еңбегін насихаттауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға, қоғамдағы гендерлік теңдік пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.