Жазира Ақбердиева: «Арбада отырып-ақ бәрін жасауға болады»
Ақтаулық Жазира Ақбердиева 42 жаста. Ол дүниеге сау боп келсе де, жол апатына ұшырап, арбаға отырды. Бүгінде Жазира теннис ойнап, бірнеше жылдан бері параспортпен айналысып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Теннистен ұйымдастырылған жарыстарда топ жарып, жүлде иеленіп жүрген параспортшы бұл спорттан бұрын бимен айналысқан. 2017 жылдан бастап арбада отырып жұптық би билеген Жазира сол кездегі естеліктерімен бөлісті.
«Мен 2017 жылы арбада отырып билейтінмін. Түрлі жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі оралдым. Менің жұбым Асылбек Қапарбаев та арбада отырады. Екеуміз төрт жыл қатарынан жарыстарда чемпион болдық»,- деді Жазира.
Уақыт өте келе Жазира биден қол үзуіне тура келді. Себеп – қаражатқа келіп тірелді, өйткені сахналық костюм, шаш үлгісі мен бет әрлеуінің барлығы қалтаға күш түсіре бастаған. Алайда ол би дайындықтарына келіп жүргенде залдағы теннисшілерді көріп, оларға қызыққанын айтты. Сол сәтте осы клубтағы Нұралы ағай биші қызды теннис ойнауға шақырды.
«Мен осы жаққа келгенде Нұралы еннис ойна деп айтып жүретін. Содан бір күні мен ойланып, теннис дайындығына келдім. Мен спортқа бет бұрған бойда 2021 жылы Астанада спартакиада өтіп, сол жаққа қатысуға алып кетті. Еш дайындықсыз, тәжірибесіз барған алғашқы байқауымнан жүлдесіз оралдым. Бірақ бұл маған үлкен сабақ болды. Кейін осы жарыстан соң көп ұзамай құрсақ көтеріп, бала күтіміне орай демалысқа шығып кеттім»,- деді теннисші Жазира.
Декреттік үзілістен соң қайта сапқа қосылып, ел ішіндегі түрлі байқауларға қатысқан Жазира Ақбердиева осы кезге дейін бірнеше жарысқа қатысты. Бірінен жүлдемен, бірінен жүлдесіз оралса да Жазира спортқа деген ынтасын дамыта береді. Соның арқасында ол 2024 жылы Щучинскіде өткен чемпионатта 3-орын жеңіп алса, 2025 жылы спартакиада қатысып, қола медаль иеленді. Биылғы чемпионатта да Жазира жүлделі 3-орынға қол жеткізді.
Жазира өзі жеткен жетістіктерінің барлығына себепкер жаттықтырушысы деп біледі. Сұхбат барысында теннис ойнауды үйреткен ұстаздарына алғысын білдіріп, жылы лебізімен де бөлісті.
«Мен теннис ойнамақ түгілі ракетка ұстап білмейтінмін. Теннисті әліппеден бастап үйреткен – Әлішер ағай. Допты қалай ұрады, ракетканы қалай ұстайды бәрін үйретіп, жалықпай еңбек етті. Одан соң Вячеслав есімді ағай келіп, мені әрі қарай шыңдай түсті. Мен бүгінгі күні де Әлішер ағайдың тәлімімен жаттығамын. Менің жетістікке жетуімнің басты себебі – Әлішер ағайдың табандылығы»,- дейді спортшы.
Спортта өз орнын тапқан Жазира жеке өмірінің де іргетасын берік қалап, отау құрған. Ол – аяулы жар, ардақты ана. Өмірдің қиын сәттерінде жасымау қажет екенін айтқан кейіпкер өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне әпкелік кеңесін берді.
«Мен өз күйімнен қысылып, қоғамға араласпай 15 жыл өмір сүрдім. 15 жылда тек емге барып, үйге қайта оралып жүрдім. Қазір сол ісіме өкінемін, өйткені уақыт – жылдам. Қазір мен арбада отырып-ақ бәрін жасаймын. Тұрмысқа шықтым, балам да бар, жұмыс та істеймін, тіпті өзімнің тұлғалық дамуым да кенже қалмады. Іні-сіңлілеріме де жасымаңдар дегім келеді. Өмір тоқтап қалмайды. Өздеріңді ертерек қолға алып, спортпен айналысу қажет. Мына өмірде шектеу жоқ»,- деп аяқтады спортшы Жазира Ақбердиева.