Otpan News Logo

Ақтауда Президент телерадиокешенінің кино апталығы өтеді

|
12.06.2026 13:59
Ақтауда Президент телерадиокешенінің кино апталығы өтеді

Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай Республикалық деректі кино апталығы елдің түкпір-түкірінде ұйымдастырылып келеді. Ауқымды кино апталығы Ақтау қаласында 15-16 маусым күні өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Еліміздің шежіресін отыз жыл бойы үздіксіз жазып келе жатқан телерадиокешен бұл жолы ақтаулық көрермендерге ерекше туындыларын ұсынады. Екі күнге созылатын бұл кино апталығы аясында көрермен назарына төрт бірдей деректі фильм жол тартады.


Апталықтың алғашқы күні, яғни 15 маусымда сағат 15:00-де Маңғыстау жұртшылығы назарына Қазақстанның қос теңізіне арналған екі туынды ұсынылады. Олардың қатарында Каспий теңізі мен Каспий итбалығын сақтап қалу жолында еңбек етіп жүрген эковолонтерлердің табандылығын баяндайтын «Тамшы» деректі фильмі және жарты ғасырдан астам ғұмырын Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы сыр шертетін «Aral» фильмі бар. 


Кино апталығының екінші күні көрермендер Құлалы аралында 30 жылдан бері жалғыз өмір сүріп келе жатқан жанның тағдырын баяндайтын «Человек с острова Кулалы» және еліміздің туристік әлеуетін паш ететін «Travel Kazakhstan» фильмдерін тамашалай алады. 


Естеріңізге сала кетейік, 21 мамырда Астанадан бастау алған бұл жоба оңтүстік өңірлерді аралап, енді Маңғыстау жеріне жетіп отыр. Ақтаудан кейін кино апталығының эстафетасын Атырау облысы қабылдайды. Жоба қыркүйек айына дейін жалғасып, еліміздің 20 қаласын қамтуды көздеп отыр.

76
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!