Тұщықұдықта Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойы өтіп жатыр
Тұщықұдық ауылында халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік шаралар басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қатысушылар Айдар ишан Шайхисламұлы мен Сәттіғұл Жанғабылұлының рухына тағзым етіп, зиярат жасады. Кейін Сәттіғұл Жанғабылұлы атындағы мектепте орналасқан музей залының ашылу салтанаты өтті.
Ауылдағы орталық алаңдағы мерейтойдың ресми ашылуында облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен аудан әкімі Ғалымжан Ниязов Сәттіғұл мұрасының қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, ізгі тілектерін білдірді.
Іс-шарада «Ақын домбырасы» инсталляциясы мен «Сәттіғұл сахнасы» таныстырылды. Сонымен қатар республикалық жыршылар байқауының қатысушылары таныстырылып, ұлттық қолөнер шеберлерінің және суретшілердің көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның ең айтулы сәттерінің бірі — Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Жаңа кітаптың лентасын қию құрметі ақынның қызы Айсұлу Сәттіғұлқызына, заңғар жазушы Зейнолла Қабдоловтың жарына және белгілі ақын Светқали Нұржанға бұйырды.
Рухани шара аясында «Мұхиттан қалмыш теңіз жыр» атты республикалық жыршылар байқауы өтіп жатыр. Биылғы додаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан жиналған 20-дан аса дарынды жыршы қатысып жатыр.
Екі күнге созылатын шара орталық алаңда ақынның шығармашылығына арналған «Қолыма домбыра алдым он бесімде…» атты республикалық жыр кешімен жалғасады. Бұдан бөлек, халық ақынының құрметіне тігілген киіз үйлер таныстырылып, «BasTime Aktau» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Сәттіғұл ақын ескерткішінің ашылуы» фильмі көрсетіледі.
11 маусымда жыршылар байқауының екінші кезеңі өтеді. Жыршылар додасының жеңімпазына Ақтау қаласынан пәтердің кілті табысталмақ. Сондай-ақ қазақ күресі, қой көтеруден сайыс, көрме, ақындардың поэзия кеші жоспарланған.