Маңғыстауда «Таза Қазақстан» аясында 3,5 мыңға жуық көшет отырғызылды
Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы А.Ж. Джусупкалиев мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның айтуынша, өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатысуымен 2026 жылға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының кешенді жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес биыл өңірде 12 466 түп ағаш отырғызу көзделген. Сонымен қатар, бұрын егілген 2 179 түп айлант ағашын күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері ірі мекемелер арасында 39 сенбілік ұйымдастырылып, 3 495 түп жасыл желек отырғызылған. Оның шамамен 80 пайызы жергілікті эксперименталдық ботаникалық бақтан алынған. Сенбіліктер барысында өндірістік және тұрғын аймақтарда қоқыс тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
«Өңірдегі көгалдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда болады. Департамент тарапынан мониторинг жүргізіліп, отырғызылған көшеттердің сақталуы мен күтімі қадағаланады», - деді Экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Сондай-ақ өңірдегі тарихи-мәдени және киелі орындарды күтіп ұстау жұмыстарына ірі кәсіпорындар тартылған. Қазіргі таңда Тоқсанбай ата, Сегізбай ата, Теңге ана, Бекет ата, Сисем ата, Айрақты шатқалы және басқа да нысандарда санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Жиында заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесі де көтерілді. Департамент мәліметінше, соңғы үш жылда рұқсатсыз қоқыс орындарын жою көрсеткіші 85 пайыздан 96 пайызға дейін артқан. 2023 жылы анықталған 111 қоқыс орнының 95-і, 2024 жылы 65 орынның 61-і, ал 2025 жылы 61 орынның 59-ы жойылған.
Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыста қалдықтарды заңсыз орналастырудың 21 фактісі анықталған. Оның 8-і жойылып, қалған 13 нысан бойынша тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Құқық бұзушылықтар негізінен Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тіркелген.
«Рұқсатсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуының алдын алу үшін Ақтау қаласының Кіші Оймаша аумағында, теңіз жағалауындағы демалыс орындарында және Жаңаөзен қаласының өндірістік аймақтарында бейнебақылау камераларын орнату мәселесін қарастыру қажет», - деді Армат Жүсіпқалиев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңірдегі ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттар көлемін азайту жұмыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысында І санаттағы 85 кәсіпорын тіркелген. Соңғы бес жылда олардың шығарындылар лимиті 147,9 мың тоннадан 100,4 мың тоннаға дейін төмендеп, шамамен 31 пайызға азайған.
Биыл І санаттағы кәсіпорындар бойынша шығарындылар көлемі қосымша 6 423 тоннаға қысқартылған. Ең жоғары төмендеу көрсеткіштері Jupiter Energy, Тасбулат Ойл Корпорэйшн, Dunga Operating GmbH және КЕН-САРЫ кәсіпорындарында тіркелген.
Жиында табиғи ескерткіштерді қорғау мәселесіне де назар аударылды. Өңірде туристер жиі баратын және қорғауды қажет ететін 39 табиғи нысан бар. Олардың қатарында Шерқала, Айрақты, Тамшалы, Торыш шарлар алқабы, Үстірт қыраты мен Қарақия ойпаты бар.
Экология департаменті соңғы уақытта табиғи нысандарда вандализм фактілері жиілегенін атап өтті. Осыған байланысты туристер көп келетін аумақтарды қорғау үшін Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкерлер санын арттыру ұсынылды.
Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында өңірдегі білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Ақтау қаласындағы 6 мектеп пен 6 колледжде қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару тақырыптарында кездесулер ұйымдастырылған.
Экология департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.