Қазақстанда «е-Ымдау» ымдау тіліне арналған бейнесөздік іске қосылды
Қазақстанда инклюзивті білім беру саласындағы жаңа цифрлық ресурс – «е-Ымдау» ымдау тіліне арналған бейнесөздік ресми түрде жұмысын бастады. Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті мен «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ғылыми-әдістемелік кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Otpannews.kz министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
«е-Ымдау» бейнесөздігі есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алу, қарым-қатынас жасау және қоғамдық өмірге белсенді араласу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Жобаның басты ерекшелігі – сөздер мен ұғымдар ым-ишаралардың көрнекі көрсетілімі арқылы ұсынылған интерактивті ақпараттық базасында. Автоматтандырылған іздеу жүйесінің көмегімен пайдаланушылар қажетті сөзді жылдам тауып, оның ымдау тіліндегі дұрыс орындалу үлгісімен таныса алады.
Ресурс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бейнесөздікті App Store арқылы жүктеп алуға немесе Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында онлайн пайдалануға болады.
«е-Ымдау» цифрлық бейнесөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды.
Жоба есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, ымдау тілін меңгеруді жеңілдетуге және инклюзивті білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. Бейнесөздіктің іске қосылуы ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына қосымша мүмкіндік береді.