Қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтары – басты назарда
«№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тапсырмасы аясында мекеме қызметкерлеріне арналған маңызды дәріс сағаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Аталған мекемеде психоневрологиялық аурулары бар 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Оның ішінде әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік мәдени, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік медициналық, әлеуметтік экономикалық, әлеуметтік құқықтық, әлеуметтік еңбектік, әлеуметтік психологиялық қызметтер бар. Қазіргі уақытта орталықта 263 адам қызмет алады. Оның ішінде екі жартылай стационарлық бөлімше (124 әйел, 139 ер адам).
Жиында қозғалған басты тақырып «Қызмет алушылардың жеке басына қолсұғылмаушылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мәселесі болды. Жиналысқа барлық мекеме қызметкерлері және «Eurasian Bank» АҚ банкінің өкілі Асыл Еңсегенова қатысты.
«Бұл мекемеге екі жылдан бері спонсорлық көмек көрсетеміз. Мұндағы қызмет алушыларға жақсы, сапалы өмір сыйлау сауапты іс әрі көпке үлгі деп ойлаймыз. Олардың күнделікті қолданатын базалық заттары бар. Дегенмен олар да әдемілікті жақсы көреді. Косметика, гүл, әдемі маталар мен басқа да тұрмыстық заттарды жақсы көреді. Сыйға тартқанда қатты қуанады. Сол үшін қажетті заттармен қамтамасыз етуге барынша тырамыз. Осы мекемеде олардың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған қызметкерлерге алғысымыз шексіз», - деді «Eurasian Bank» АҚ банкінің өкілі Асыл Еңсегенова.
«Заң мен тәртіп» аясында қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын Мұрат Шалов жүргізді. Кездесу барысында спикер арнаулы әлеуметтік қызмет алатын азаматтардың құқықтық қорғалуы, олардың жеке кеңістігі мен қауіпсіздігін сақтаудың заңнамалық негіздері туралы кеңінен түсіндіріп өтті.
Шара тек дәріс оқумен шектелмей, еркін сұрақ-жауап және пікір алмасу форматында өрбіді. Орталық қызметкерлері күнделікті жұмыс тәжірибесінде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты заңгерге көкейкесті сұрақтарын қойып, жауап алды.
«Бүгінгі іс-шара мекеме қызметкерлері мен қызмет алушылардың қауіпсіздігі және жұмыс барысындағы міндеттемелерін түсіндіру мақсатында жүргізілді. Біздің жұмысымыз заң мен тәртіпке тікелей қатысты. Сол үшін мұндай жиналыстарды жиі өткізіп тұрамыз. Қызмет алушылардың жағдайын барынша жасауға тырысамыз. Күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса монша және кір жуу кешені салынды. Дәрі-дәрмектер үкімет тарапынан беріледі. Алдағы уақытта екі ғимаратта абаттандыру жұмыстарын жүргізгіміз келеді», - деді «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры Амангүл Нұрлаева .
«№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен заңдық сауаттылығын арттыру мақсатында мұндай түсіндіру жұмыстары мен ақпараттық жиындарды жүйелі түрде ұйымдастырып тұрады.
Бұл іс-шаралар орталықтағы әрбір қызмет алушының құқығының бұзылмауына және олардың өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне тікелей ықпал етеді.