Үкімет қазақстандықтардың табысын жыл сайын 2–3%-ға арттыруды жоспарлап отыр
Бұл туралы халықтың табысын арттыруға арналған 2026–2029 жылдарға арналған жаңартылған кешенді жоспарда айтылған, деп хабарлайды otpannews.kz сайты kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Жоспардың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандықтардың жалақысын көтеру және орташа жалақы мен медианалық жалақы (ең жиі кездесетін жалақы мөлшері) арасындағы алшақтықты азайту. Қазіргі таңда бұл айырмашылық 39,2%-ды құрайды.
Қандай шаралар жүзеге асырылады?
– ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру;
– бизнестің өзара міндеттемелерін орындауы арқылы жалдамалы қызметкерлердің жалақысын көтеру;
– коммуналдық кәсіпорындардың өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту;
– мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақысын әр үш жыл сайын индекстеу.
Аталған шаралар халықтың нақты табысының инфляция деңгейінен 2–3%-ға жоғары қарқынмен өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға басымдық беріледі.