Ақтауда Сайын Шапағатовтың 85 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Ақтау қаласында қоғам және мемлекет қайраткері Сайын Шапағатовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Ел туын тіктеген ер» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға еліміздің түрлі өңірінен келген қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, Сайын Шапағатовтың замандастары мен туыстары, сондай-ақ жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Конференцияның мақсаты — тұлғаның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін насихаттау, оның қайраткерлік өнегесін жас ұрпаққа үлгі ету.
Шара алдында Сайын Шапағатовтың өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, журналист Қожахмет Демеубергенұлы түсірген деректі фильм көрсетілді.
Жиында «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, қоғам қайраткері, «Алдаспан» қозғалысының жетекшісі Серік Ерғали, еңбек ардагері, Түпқараған ауданының құрметті азаматы Айкүміс Досанова, журналист, өлкетанушы Жәнібек Қожық, «Парасат» қозғалысының қазіргі төрағасы Данияр Аралбаев сөз сөйледі.
Қатысушылар Сайын Шапағатовтың ел алдындағы еңбегі мен ұлт рухын көтерудегі рөлін атап өтіп, оның өмірлік ұстанымдары бүгінгі ұрпаққа үлгі болуға тиіс екенін айтты.
Бүгінгі шарамыздың маңызы зор деп айтуға болады. Себебі бұл – Кеңес дәуірінің соңғы кезеңінде республикада тұңғыш құрылған саяси-демократиялық қозғалыстың негізін қалаушы, төрағасы Сайын Шапағатовтың 85 жылдық мерейтойына арналады. Іс-шара қоғам және мемлекет қайраткерінің елге сіңірген еңбегін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды. Сайын Шапағатов – Алаш көсемдерінің жолын жалғаған, асылдың сынығы, тектінің тұяғы. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар келіп жатыр. Бүгінгі шарамыз маңызы мен тағылымы мол жиын деп білемін, – деді шара ұйымдастырушысы, «Айрық» қоғамдық қорының директоры Ағлен Таласбай.
Сондай-ақ шарада Сайын Шапағатовқа арналған естеліктер мен өлеңдер оқылып, «Парасат» қозғалысының алғашқы жылдары туралы бейнематериалдар көрсетілді.